"Күте-күте жалықтық". Үш жыл бұрын басталған Шамалған теміржол бекетіндегі айналма жолдың құрылысы әлі бітер емес

Алматы облысы, Шамалған теміржол бекетіндегі айналма жолдың құрылысы уақытында бітпеді.  Үш жыл бұрын басталған жоба биыл аяқталуы тиіс еді.  Өткелде күн сайын көлік кептелісі болады.  Жүргізушілер теміржолдан өту үшін сағаттап тосады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Пойыз жақындағанда өткел жабылады. Әсіресе, түскі және кешкі уақыттарда тіпті қиын. Еске сала кетсек, төрт жыл бұрын қыркүйек айында дәл осы жерде пойыз бен жолаушы тасымалдайтын автобус соқтығысып, салдарынан 1 адам қаза тапты. Сол қайғылы оқиғадан кейін бір жыл өткесін бекетте  айналма жолдың құрылысы басталған. Өйткені, жол салмайынша Шамалғандағы көлік кептелісі проблемасын шешу мүмкін емес. Бірақ, түрлі себептерге байланысты жобаны тапсыру мерзімі кейінге шегеріле берді.

"Бұл енді нағыз азап. Кешкі жағдайды көрсеңіз жағаңызды ұстайсыз. Кептеліс кесірінен жүргізушілер жол жүру ережелерін ұмытады. Тәртіп жоқ. Екі сағаттап тұрған кезіміз болған. Сондықтан Шамалғанға жоламаған дұрыс. Айналып өту керек бұл жерді. Айналма жол тезірек салынса екен. Әйтпесе күнде көретініміз осы қиындық", - дейді көлік жүргізуші Алтай Ашниязов

Қарапайым ауыл тұрғындары да бұл маңнан күнде өтеді. Жолаушылар үшін арнайы аялдама жоқ. Жол тар. Бекетке келіп кету қиындық тудырады. 

"Мен бала-шағамды алып көрші жатқан  Қарой ауылына  жиі барамын. Бірақ, ол жаққа баратын  такси ұстап кету өте қиын. Себебі үнемі кептеліс. Бізге жол салып береміз деген. Сол жолдың салынып жатқанына үш жыл болды. Күте күте әбден жалықтық. Халықтың жағдайы ешкімге керек емес сияқты. Мұнда тұратын халық та көп. Бәрінің күтіп жүргені осы жолдың тезірек бітіп, жұрт игілігіне берілгені", - дейді ол.

Ал, көпшілік асыға күткен айналма жолдың жалпы ұзындығы 6 км. Ол республикалық маңызы бар Алматы-Астана күре жолының 43-49 шақырымы аралағында орналасады. Жоба бойынша бұл жол Қарасай ауданындағы орман қорына тиесілі 700 метр аумақты басып өтеді. 

"Жер телімін инфрақұрылымдық мақсатқа пайдалану үшін құзырлы мекемелердің рұқсат беру процесі ұзаққа созылған. Одан бөлек, жеке тұрғын үйлерді сатып алып, оларды сүруге де уақыт кеткен. Осының бәрі құрылысты тежеді", - дейді "Қазавтожол" акционерлік қоғамы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Таңатаров.

Қазіргі кезде ұзындығы 350 метрлік эстакада салынып бітті.

"45 мың текше метр бетон құйылды. 20 cуағар құбыр жүргізілді. Жолды жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Енді 120 мың тонна асфальт  керек. Содан кейін жолдың жан-жағы қоршалады. Электр бағаналары мен  жол белгілері орнатылады. Әзірге екі жарым шақырымға асфальт төселінді. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 проценті аяқталды. Жол келесі жылы пайдалануға беріледі", - деді ол.

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!