Павлодар облысында дауыл соғып, ауылдар жарықсыз қалды: әкім жағдайды түсіндірді

Павлодар облысында дауыл соғып, ауылдар жарықсыз қалды: әкім жағдайды түсіндірді
Фото: instagram.com/pavlodar_tjd

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірде соққан дауылдың салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"19 қарашаға қараған түні облыста болған дауылдың салдарына түсінік берейін. Желдің күші секундына 37 метрге жетті. Салдарынан 3 қала мен 6 ауданда 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ, 84 жеке үйге зақым келді. Осыдан соң жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды", - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, биыл 10 желтоқсанға дейін зақым келген нысандарды толық қалпына келтіріледі.

"Облыстағы 117 елді мекенде апат жағдайында электр ажыратылған 246 дерек тіркелді, 100-ден аса электр беру желісі істен шықты. Алғашқы тәулікте 99 ауылға жарық берілді, қалған 18 ауылға жарық беру үшін қосымша жұмыстар жүргізу керек болды: құлаған ағаштарды тазарту, трансформаторлық станцияларды қалпына келтіру. 22 қарашадан бастап облыстағы барлық елді мекенге электр энергиясы беріледі", - деді Асайын Байханов.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz