Павлодар облысында ер адам екі жыл еңбек құлдығында болған

Ішкі істер министрлігі Қазақстанның бірқатар өңірінде анықталған еңбек құлдығы деректері туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының басшысы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, осындай деректердің бірі Абай ауданында анықталған. Онда әйел ағасының жоғалып кеткенін айтып, полицияға хабарласқан. 1973 жылы туған ер адам психикалық ауытқушылықпен ауырады.

"Мәліметтерді тексеру барысында Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері іздеуде жүрген азаматты алып кеткен екі ер адамды анықтап ұстады. Олар ер адамды Семейден алдап, байланыс құралдарын тәркілеп, қаладан 200 шақырым жердегі шаруа қожалығына еңбек ету мақсатында алып кеткен", - деді Нұрмағамбетов Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте.

Полицейлер ер адамның үш апта бойы еңбек құлдығында, үй шаруашылығында жұмыс істеуге мәжбүр болғанын анықтады.

"Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 128-бабы "Адам саудасы" бойынша тіркеліп, жәбірленуші туыстарына қайтарылды", - деді ведомство басшысы.

Павлодар облысында еңбек құлдығының тағы бір дерегі анықталды. Тәртіп сақшылары 1987 жылы туған ер адамды жақын маңдағы елді мекеннен 60 шақырым жерде орналасқан аңшылық үйде екі жыл бойы жұмыс істеуге мәжбүр болғанын анықтады.

"Еңбек қанау мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр. Жәбірленуші туыстарына қайтарылды", - деді Нұрмағамбетов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!