"406 миллион теңге жұмсалған". Қостанай облысындағы ауыл тұрғындары мердігер жұмысына шағымданды

Қостанай облысындағы Родина ауылының тұрғындары жол жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілетініне шағымданды. Бұл мақсатқа бюджеттен 400 миллион теңгеден аса қаржы бөлінгенімен, ауыл тұрғындарының айтуынша, асфальт асығыс төселген, соның кесірінен сапасы нашар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

"Жүк көліктері өткенде жол жиегін басып өтеді, содан ол бүлініп жатыр. Жарықтарға су кіріп, жол жабыны бұзылады. Олар халық үшін жақсы жұмыс істеді, бірақ бұлай жалғаса берсе, жол ұзаққа шыдамайды", - дейді ауыл тұрғындары.

Ауылдың 17 көшесіндегі орташа жол жөндеу жұмыстарына бюджеттен 406 миллион теңге жұмсалған. Мердігер уақытында үлгермеген. Техникалық қадағалаудың да шағымдары бар. Мердігерді сотқа берген. 

"Заңбұзушылықтар асфальт төсеу, асфальт қоспасы бойынша анықталды. Бір жерлерінде қабаты дұрыс емес төселген, асфальт негізіне қанша сантиметр қажет болса, ол орындалмаған. Асфальттың сапасы қынжылтады. Жолдар жиегіне көлік шығуы үшін, қиыршық тас негізін дұрыс төсеуі керек", - дейді Родинка ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Елена Регепова.

Мердігер компания кемшіліктерді қашан жоятыны белгісіз. Келесі тексеріс кезінде ақау табылмаса, көшелер пайдалануға берілуі мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз