"Еркекше" сөйлесу: Екібастұзда оқушылар арасындағы жаппай төбелестің себебі анықталды

Екібастұзда оқушылар арасындағы жаппай төбелестің себебі анықталды. Ұлдар кінәсін мойындап, бітімгерлікке келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Екібастұздағы мектептердің біріндегі оқушылар арасында болған оқиға кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссияның отырысында қаралды.

"14 пен 15 жастағы жасөспірімдер арасындағы төбелес жанжалдан туындағаны анықталды: жәбірленуші төбелеске қатысқан баланың әпкесіне балағат сөздер айтып, дөрекі сөйлеген. Бұрын таныс болмаған жасөспірімдер "еркекше" сөйлесу жолымен мәселені шешпек болған. Төбелестен кейін олар татуласты", - деп хабарлады Екібастұз білім беру бөлімі.

Білім бөліміндегілер аталған жасөспірімдердің оқуда озат екенін әрі спортпен айналысып жүргендерін айтты.

"Төбелеске қатысқан екі тарап кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінеді. Зардап шеккен бала мен оның қамқоршысы болып келетін үлкен ағасы қорқыту мен қасақана ұрып-соғу болған жоқ деп жеткізді", - делінген хабарламада.

Видеодағы төбелеске түсіп қалған бес баланың барлығы мектепішілік есепке қойылды. Олардың ата-анасы бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Олардың бәрімен профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жәбірленуші жасөспірім Екібастұздың әйгілі ММА жауынгерінің шақыруымен "Ергайыпов team" жекпе-жек секциясына қабылданды.

Еске салайық, әлеуметтік желіде Екібастұзда мектеп оқушылары бір баланы ұрып-соққан видеосы тарап кеткен еді. Облыстық полиция департаменті аталған жағдайға қатысты өтініш келіп түспегенін хабарлады. Алайда полицейлер өз тарапынан тексеріс ашып, істің мән-жайын анықтауға кіріскен.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!