"Жан-жағы ісіп, көп қан ақты". Сүндетке отырғызған дәрігерлер баланың денсаулығына зиян келтірген

Қызылорда қаласының тұрғыны Күләйна Нартаева екі ұлын "сүндетке отырғызамын" деп үйіне дәрігерлерді шақыртқан. Оның айтуынша, ота жасағаннан соң бірден кетіп қалған ақ халаттылардың қателігінің кесірінен баласының мүшесі де, мінезі де өзгерген. Осы оқиғаға байланысты ол "Астарлы ақиқат" бағдарламасынан көмек сұрайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мамыр айында сүндетке отырғыздық. Біз Асылбек және Алтынбек есімді хирург дәрігерлерді шақырттық. Бұл отаны үйде жасау менің қателігім шығар. Екеуі 20 мың теңгеге келісті. Алайда, отаны келіскен дәрігер емес, қасына еріп келген дәрігер жасаған. Бірінші баламды сүндеттеп болған соң бөлмеден Алтынбек деген кісі терлеп, өңі бозарып шықты. Екінші баланы дайындап тұрған едік, бірақ олар "тамағы ауырып тұр екен, оған болмайды" деп кетіп қалды. Ал Асылбек артынан заттарын жинастырып, артынан ол да шықты. Келіскен соманы алып кетті", - деді ол.

Оның айтуынша, дәрігерлер байланысудан қашып жүр.

"Күйеуім қараған кезде қан бинттың сыртына шығып жатыр екен. Дәрігерлерге соқсам, телефондарын өшіріп тастаған. Жедел жәрдемге хабарластық, олар бізді алып кетті. "Сүндеттен кейінгі асқыну" деген диагноз қойып, бір апта жатқызды. Яғни, тереңірек кесіп жіберген. Ал жауапты дәрігерлер бізден қашып жүр", - дейді ол. 

Қызылорда полиция басқармасы басшысының айтуынша, қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!