3 жылдың бюджеті Мәжіліске қайтарылды

Сенаттың жалпы отырысында "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң мақұлданбай Мәжіліске қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов депутаттар заңға 180 түзету енгізуді ұсынғанын айтты.

"2024 жылға Сенат депутаттарының Үкіметпен бірлесіп заңды пысықтау нәтижесінде 119,5 миллиард теңге сомасына бастамалар қолдау тапты. Ал 3 жылдық кезеңге барлығы 228,7 миллиард теңге сомадағы ұсыныстарға қолдау жасалды. Бұл бастамалар өңірлерді одан әрі дамыту нәтижесінде азаматтарымызды әлеуметтік қорғауға және олардың кірістерін арттыруға бағытталады", - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор Президенттің маңызды бастамаларын іске асыруға қосымша 42,1 миллиард теңге көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл қаржы әлеуметтік салаларға жұмсалады.

"Біріншіден, ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге дейін ұлғайту есебінен 350 мыңнан аса адамның табысы артады. Екіншіден, 33 мыңнан аса шахтер 55 жастан бастап зейнет жасына толғанға дейін алғаш рет арнайы әлеуметтік төлем алатын болады. Үшіншіден, "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 21 нысан салынып, жөнделеді. "Ауыл - ел бесігі" ұлттық жобасы аясында жалпы құны 49,8 миллиард теңген болатын 82 жоба іске асырылады. Оған 2024 жылға қосымша 13,6 миллиард теңге көзделген", - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Сонымен қатар, сумен жабдықтау және су бұруға қатысты 30 жобаның жалпы құны 98,3 миллиард теңге болады. Оны іске асыруға 2024 жылы 14 миллиард теңге қарастырылған. Нәтижесінде халықтың сумен жабдықтаудағы көрсеткіш қалаларда 99 пайызға дейін жетсе, ал ауылдарда 97 пайыз болады.

"Газ тасымалдау жүйесін дамыту үшін 20 жобаны іске асыруға жалпы құны 34,5 миллиард теңге қарастырылған. Келесі жылға 3,4 миллиард теңге бөлінеді. Бұл 16 ауылда шамамен 31,9 мың адамның табиғи газға қол жеткізуіне мүмкіндік береді", - деді сенатор.

Сұлтанбек Мәкежанов комитет атынан 3 жылдың бюджетін талқылау барысында мынадай ұсыныстар жасады:

Біріншіден, "Қазақстанның Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңы мақұлдансын деп ұсыныс енгізеді.

Екіншіден, салыстырмалы кестені қарап, "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Мәжіліске жіберілсін" деген ұсыныс енгізіледі.

Дауыс беру барысында сенаторлар "Трансферт туралы" заңды мақұлдап, 3 жылдың бюджетін Мәжіліске қайтарды.

Айта кетейік, бұған дейін "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын Мәжіліс қабылдаған еді.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!