Қазақстанда фонограммаға қарсы петиция пайда болды

Қазақстанда фонограммаға қарсы петиция пайда болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Петиция авторы - Серік Әбішев атты азамат.  

"Қазақстанда музыка саласы белсенді дамып келеді. Ай сайын республика өңірлерінде жергілікті және шетелдік әртістердің концерттері өткізіледі. Аудитория ерекше тәжірибе мен орындаушылармен эмоционалды өзара әрекеттесуді күте отырып, концерттік бағдарламалардың сапасыздығына, атап айтқанда фонограмманы кеңінен қолданылып жатқанын көреді. Сонымен қатар, соңғы жылдары концерттерге билеттердің құны айтарлықтай өсіп кеткен. 

Біз, Қазақстан азаматтары, қазіргі жағдайға наразылығымызды білдіреміз және еліміздің музыка индустриясында фонограмманы пайдалануды реттеуді талап етеміз", - дейді петиция авторы. 

Серік Әбішев осыған байланысты бірнеше ұсыныс жасады: 

  • музыкалық қойылымдарда фонограммаларды пайдалануға тыйым салу;
  • шығармашылық дамуы үшін жағдай мен ынталандыру жасай отырып, жанды дауыста өнер көрсетуді қалайтын отандық әртістерді қолдау;
  • музыкалық мәдениетіміздің болашағын қамтамасыз ету үшін жас музыканттарды оқыту және қолдау.

"Фонограммаларды қолдануға тыйым салу аудиторияның мүдделерін ғана емес, сонымен қатар, музыканттардың шеберлігі мен ерекше стилін көтермелеу арқылы олардың дамуына ықпал етеді. Біз осы маңызды мәселені қоғамда талқылауға және мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылдауға шақырамыз", - делінген петицияда. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз