Қалыңдығы тойға жетпей жан тапсырған: Алматы тұрғыны жанайқайын жеткізді

Қалыңдығы тойға жетпей жан тапсырған: Алматы тұрғыны жанайқайын жеткізді
Фото: Видео кадры

Алматыда самокатпен траншеяға құлап, қаза тапқан әйелдің күйеуі кінәлілер жазадан құтылып кетеді деп қорқады. Кирилл Василенко әйелінің өліміне жолдың жөнделіп жатқаны туралы ешқандай белгі қоймаған компания мен оның жұмысын бақылауда ұстамаған әкімдікті кнәлап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Қайғылы оқиға бес ай бұрын болса да, іс әлі сотқа жетпеген. Тіпті күдікті ретінде ешкім танылмай отыр. 

Оқиға биыл жазда болған. Әйелі мен күйеуі самокатқа мініп, Абай даңғылындағы велосипед жолағымен батыс бағытқа қарай келе жатқан. Қонаев көшесінен өте бере, дәл сол жерде, сол уақытта қазулы болған траншеяны байқамай аунап түскен. Ауыр жарақаттан әйел сол жерде қаза тапқан.

"Екеуіміз бір самокатта болғанбыз. Солай жиі жүрдік. Ол кезде ешқандай шектеу болмаған. Сол күні мен екі көшенің қиылысына жеткенде жылдамдықты азайттым. Жан-жағыма қарап, көліктің жоқ екеніне көзімді жеткізіп барып қозғалдым. Траншеяның қазылғанын тақаған кезде ғана көрдім. Тежегішті басуға тырысқаныммен, нәтиже бермеді. Аунап түстік. Көзімді ашсам, әйелім есінен танып жатыр. Жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды", - деді марқұмның күйеуі Кирилл Василенко. 

Марқұм Саида Гусманова небәрі 23 жасында көз жұмды. Жас болса да ол университет қабырғасында сабақ берген. Ал Кириллмен осыдан үш жыл бұрын танысқан. Көп ұзамай некелерін заңдастырған. 

"Қазақтың барлық салт-дәстүрін сақтау мақсатында ұзату тойын өткіземіз деп ойлағанбыз. Сырға салу рәсіміне дайындалып жүргенбіз. Оқиға болған күні, 24 маусымда біз асабамен өтетін тойды талқылап, үйімізге қайтып бара жатқан едік", - деді марқұмның күйеуі Кирилл Василенко. 

Биыл жазда Абай даңғылының жолын жөндеуге Asmar Stroy серіктестігі жауап берген. Заңгердің айтуынша, осы уақытқа дейін талай тендер ұтқан мердігер тамыр-танысы көп ірі компания болған соң іс созбалаңға салынған.

"Бес айдан аса уақыт өтті. Бірақ ешқандай тергеу жүргізіліп жатқан жоқ. Ешкімді Аsmar stroy-дан күдікті ретінде танымады. Бізді жәбірленуші ретінде танымаған ол іс бойынша. Сегіз тендер ұтып алды, 22 жылы. 2023 жылы айналымында 10 миллиард ақшасы бар компания. Үлкен компания. Ол жерде біраз қызметкер жұмыс істейді. Мүмкін тергеуге өзінің бір қысымын көрсетіп жатқан шығар деп ойлаймыз", - деді заңгер Данияр Кәріпжанов.

Алайда компаниядағылар да, әкімдіктегілер де қандай да бір пікір білдіруден бас тартты. Екеуі де тергеуді желеу етіп отыр. Полицейлер марқұмның жұбайы жәбірленуші болып танылғанын ғана жеткізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек