Әйелдің басын кесіп, базарда тастап кеткен: апелляциялық сот атышулы іс бойынша шешім шығарды

Алматыда айуандықпен адам өлтіру ісі бойынша сотталған ер адам апелляциялық шағым түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Алматы қалалық сотында осы іс бойынша апелляциялық сот отырысы өтті. Ер адам өзінің кінәсіз екенін айтып, соттан ақтауды сұрады.

Алайда Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды.

"Сот алқасы қаулы етті: І. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты И.-ға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, сотталғанның апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады. Қаулы жарияланған күннен бастап заңды күшіне енеді және бір жыл ішінде кассациялық сатыға шағым жасай алады", - деді судья Жанат Жайлаубай. 

Апелляциялық инстанция мамандандырылған қылмыстық соттың сотталған И.-ға қатысты үкімі негізді, сот талқылауы барысында заңбұзушылықтар болмаған деген қорытындыға келді.

Айта кетейік, жантүршігерлік қылмыс биыл 12 сәуірде болды. Әлеуметтік желіде Алматыда ер адам әйелдің басы салынған пакетті базарға тастап кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Артынша полиция бұл ақпаратты растады. 

Кейіннен марқұм әйелдің жеке басы анықталды. Ол 1976 жылы туған, тұрақты тұрғылықты жері жоқ, бұрын есірткі қылмысы үшін бірнеше рет сотталған. Біраз уақыттан кейін әйелдің басы жақын маңдағы сауда нүктелерінің бірінен табылды. 

Еске салайық, қыркүйекте Алматыда әйелдің басын базарға тастап ер адамға қатысты сот үкімі шыққан еді. 

Істі алқабилер қарады. Сот үкімімен, сондай-ақ алқабилердің шешімімен айуандықпен өлтірді деп айыпталған 61 жастағы азамат 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

"Сот оны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 12-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды", - деді судья Мәртпек Кәкімжанов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!