"Ай сайын саяхаттаймын" - шетелде жұмыс істейтін қазақ қызы

Әлеуметтік желіде Дубайда тырнақ жасайтын қазақ қызының видеосы тарады. Видеода ол Дубайдағы жұмысы, қала туралы айтады. Massaget.kz тілшісі шетелде жұмыс істеп жүрген қызбен сұхбаттасып, табысы, жұмыстың артықшылығы мен қиындығы туралы сұрады.

"Дипломымды ала сала Дубайға келдім"

Видеодағы қыздың есімі - Альбина Өмірсерікова. Альбина жоғары оқу орнын дизайнер мамандығы бойынша бітірген. Небәрі 22 жастағы қыз Дубайда жұмыс істеуді көптен мақсат тұтқан екен.

"Дубайға кетемін деп 1 жылдың көлемінде жүрдім. Ол кезде менің құрбым Дубайға кетіп қалған еді. Осы салонға келіп жұмысқа тұрды. Кейін мені шақырды. Бірақ ол кезде мен Астана оқуда жүрдім. Дипломды ала сала бірден келдім. Дубайда жұмыс істеу идеясы сол құрбым арқылы келді. Құрбым мұнда жұмыс істеп жатқанына бір жылдан асты. Ал менің Дубайда тұрып жатқаныма бес айдай уақыт болды", - дейді ол.

Әлеуметтік желіден

"Бір ғимаратта жұмыс істеп, бір ғимаратта тұрамын"

Альбина Өмірсерікова Қазақстанда қандай жұмыс істегенін де айтты.

"Қазақстанда карантинге дейін тырнақ жасаумен айналыстым. Карантинде барлық жер жабылды. Кейін Астана қаласында мейрамхана кәсібіне көшіп кеттім. Бұл жақтан директорға дейін көтеріліп, әрі қарай Дубайға кеттім", - дейді ол.

Әлеуметтік желіден

Оның сөзінше, жұмысқа тұруына да құрбысы көмектескен.

"Құрбым арқылы жұмысқа тұрдым. Сондықтан дайын жерге келдім десем де болады. Жалпы бір ғимараттың төменгі қабатында жұмыс істеймін, жоғары қабатында тұрамын", - дейді қазақстандық.

"Ай сайын саяхаттаймын"

Қазақ қызы шетелде жұмыс істеудің артықшылықтары мен қиындықтары туралы әңгімеледі.

"Артықшылықтардың бірі ретінде жалақыны айтар едім. Ал мен үшін кемшілігі ай сайын басқа елге шығып тұру керек. Өйткені Қазақстанның ережесі бойынша басқа елде 40 күннен аса уақыт қалуға болмайды. Сондықтан ай сайын басқа жаққа шығып тұруым керек. Бірақ жұмыс визасы бар. Ол арқылы екі жылға келісімшартқа отырасың. Бірақ екі жылға келісімшартқа отырғым келмеді. Сондықтан ай сайын саяхаттаймын десем де болады", - дейді Альбина. 

Әлеуметтік желіден 

"Көбіне орыстар келеді" 

Альбинаның сөзінше, тырнақ жасату үшін салонға түрлі ұлт өкілдері келеді.

"Көбіне орыстар келеді. Одан кейін арабтар да келеді. Жалпы неше түрлі ұлттар келеді, Германиядан, Италиядан, Франциядан келіп жатады. Біз Дубайдың дәл орталығында орналасқан Дубай Марина деген жердеміз, сондықтан көбіне туристер келеді", - дейді ол.

@a__o__z 2часть керекпа?? #жизньвдубае?? ♬ Little Things - Adrian Berenguer

"Дубайда эскорт ретінде ғана ақша табуға болады" деп ойлайды"

22 жастағы қазақ қызы көпшілік шетелдегі жұмыс дегенде жаман ойға баратынын жасырмады.

"Дубайда тырнақ жасау салада жұмыс істейтіндерге көзқарас жақсы. Алайда барлығы "Дубайға кетіп жұмыс істесең, эскорт ретінде ғана ақша табуға болады" деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. Бұл - мұсылман елі. Қалай олай ойлауға болатынын білмеймін", - дейді ол.

"Қазақстанмен салыстырғанда жалақы әлдеқайда жақсы"

Ол шетелдіктер жиі шайпұл беретінін, ең көп қанша шайпұл алғанын әңгімеледі.

"Әрқайсы шайпұл береді. 10 дирхам болсын, 20 дирхам болсын береді. Менің ең көп алған шайпұлым - 100 дирхам. Ай сайын келген кезде 100 дирхамнан береді. 100 дирхам - біздің теңгемен 13 мың теңге. Қалғандары 30 дирхам, 50 дирхам, әртүрлі береді", - дейді Альбина.

Сонымен қатар, қазақ қызы қазір Дубайда жұмыс істеп, қанша табыс тауып жүргенін айтты.

"Бірінші айда алған табысым 1000 доллар болды. Шамамен екінші айда одан екі есе көп табасың. Екі есе, әрі қарай кете береді. Қазақстанмен салыстырғанда жалақы әлдеқайда жақсы. Бірақ Қазақстанды сағынасың, өз еліңе жетпейді екен. Сағынып, үйге қайтқым келеді. Арасында үйге барып тұрамын", - деді ол.

"Тырнақ жасау 20 мыңнан басталады"

Бүгінде шетелде жұмыс істеп жүрген Альбина Дубайда тырнақ жасату құны 20 мың теңгеден басталатынын айтты. 

"Тырнақ жасату 160 дирхамнан басталады. 160 дирхам дегеніміз - теңгемен алсақ 20 мың теңге. Ол - тек маникюр құны, әрі қарай тырнақ жалғау, түрлі дизайндар жасау қымбаттап кете береді", - дейді ол.

Оның сөзінше, тырнағы ұнамағанын айтып, жоқ жерден ұрыс шығаратындар да кездеседі екен.

"Ұнатпағанын айтқан жағдайлар болды. Бірақ көбіне өтірік ұрыс шығарып, тегін істеткісі келетіндер кездесіп тұрады. "Маған ұнамады" деп ақша төлемеуді ойлайды. Сондай жағдай бір-екі рет кездесті. Маған басында қиын болды. Өйткені мейрамхана саласында директор болып жүріп, бірден маникюрға көшіп кеттім. Бұрын негізі маникюрмен айналысқанмын, сондықтан қолым шығып қалыпты. Қайта басынан бастағандай сезімде жүрдім, бастапқы 1 ай қиын болды. Күйзелісте жүрдім", - деді ол.

Алайда Альбина істеген жұмысын ұнататынын тұрақты клиенттері де барын айтты.

"Жұмыс ұнап, жиі келетіндер де бар. Ай сайын келетін тұрақты клиенттерімнен бөлек күнделікті туристер, яғни жаңа клиенттер де келеді. Маған маникюр жасаған, суреттер, дизайн салған ұнайды, жаныңды тыныштандырады", - деді ол. 

@a__o__z Ответ пользователю @✨ #жизньвдубае?? ♬ оригинальный звук - Albina??‍♀️

Қазақстандық шетелдегі жұмыс кестесі қандай екенін әңгімеледі.

"Таңертеңгі сағат 10-нан кешкі сағат 8-ге дейін жұмыс істеймін. Қазақстанға қарағанда айырмашылық бар. Өйткені бұрын мейрамхана ісімен айналысқанда, жауапкершілік көп болды. Телефонға тыным болмайтын, үнемі қызметкерлерге қарап жүруің керек болды. Ал қазір Дубайда өзіңнің клиентіңді жіберсең болды. Ешкім ештеңе демейді, тыныш", - дейді Альбина.

Сондай-ақ, ол болашаққа қойған мақсаттары мен жоспарлары туралы да бөлісті.

"Болашаққа жоспарым дүкенімді ашқым келеді. Бастадым да десем де болады. Дубайда босқа жүрмейін деп Дубайдың абайкаларын Астанаға алып барып, сатып жатырмын. Онлайн дүкенімді аштым десем де болады, aikorkem shop деген. Ай сайын шығып тұрған кезде Қазақстанға апарып тұрамын. Алушылар бар, сұраушылар өте көп. Арабтардың әйелдері киетін абайкаларды әлеуметтік желі арқылы сатып жатырмын. Сол дүкенді онлайн түрде емес, кәдімгі дүкен ретінде ашқым келеді", - деп түйіндеді әңгімесін ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз