Израиль мен Хамас бірнеше сағат талқылаудан кейін қандай келісімдерге келді?

Израиль мен Хамас бірнеше сағат талқылаудан кейін қандай келісімдерге келді?
Фото: pixabay.com

Израиль үкіметі бірнеше сағат талқылаудан кейін ХАМАС-пен төрт күн бойы соғысты тоқтатуға келісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Израиль үкіметі бүкіл кепілге алынғандарды үйлеріне қайтаруға ниетті. Бүгін кешке үкімет осы мақсатқа жетудің жоспарын бекітті, оған сәйкес кемінде 50 әйел мен бала төрт күн ішінде босатылады, - делінген Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесінің мәлімдемесінде.

4 күнде Газаға гуманитарлық көмек пен азық-түлік тиелген жүк көліктері кіргізіледі. Алғашқы тұтқындар 23 қарашада босатылуы мүмкін. Оларды босату кезең-кезеңімен жүзеге асырылады деп болжанып отыр. Күніне шамамен 12 тұтқын жіберіледі.

Haaretz басылымының жазуынша, жоспар бойынша ХАМАС "кепілге алынған 30 баланы, 20 әйелді" босатады. Екі жақтан қосымша босатылған 10 адам үшін үзіліс 4 күннен де ұзаруы мүмкін. Сондай-ақ Израиль түрмеден шығарылатын палестиналықтар жайлы толық ақпаратты жариялауға тиіс.
Биньямин Нетаньяху "бұл Израиль соғысты тоқтатты дегенді білдірмейді" деді.

Мен нақты айтайын - біз соғысып жатырмыз және біз барлық мақсаттарымызға қол жеткізгенше күресуді жалғастырамыз, - деді Биньямин Нетаньяху.

Ол Израильдің мақсаты - Хамасты түбегейлі жою, барлық кепілге алынғандар мен із-түзсіз жоғалғандарды қайтару екенін айтады. Газа Израильге мүлде қауіп төндірмеуге тиіс.

Жасұлан Ордабаев

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz