"Осыны ақыры біреу айтты ғой". Желіде Роза коучтың тұрмысқа шығу туралы пікірі қызу талқыға түсті

Коуч Роза Әшірбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қазір қыздарға тұрмысқа шығу өте тиімсіз екенін айтты. Оның сөзінше, қазір қыз жігіттің өзіне емес, бүкіл туысқанына тұрмысқа шығады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Не үшін қыз баласына күйеуге тию керек? Қыз баласына қазір күйеуге тию мүлде тиімді емес. Себебі ол күйеуімен тұрмайды, күйеуінің туысқандарымен тұрады. Күйеуін түнде ғана көреді төсекте. Күндіз көрмейді. Ол күйеуінің туысқандарына тұрмысқа шығады. Ене, ата, қайын әпкелер - барлық туыс үнемі қонаққа келеді. Қыз баласы жігітіне шықпайды, күйеуінің туысқандарына шығады. Сондықтан не үшін тұрмысқа шығу қажет? Бұл - бірінші сұрақ", - дейді ол.

Коуч жігіттер қыздарға айтатын ұсыныс тең дәрежеде емес екенін жеткізді.

"Қазақтың қыздары келін болып бүкіл туысқанға күйеуге шыққаннан кейін тумай ма?! Ол туған кезде баланы өзі үшін туады. Ол байға керек емес, еркектер балаға қарамайды. Ата-енесі кішкене көмектесуі мүмкін. Ол бүкіл туыстың арасында баламен жалғыз қалады, оның үстіне тамақ дайындап, бәрінің артын жинап үлгереді. Кешіріңдер, жігіттер, тұрмысқа шығарда қыздарға ұсынатын шарттарың тиімді емес. Ал сендер қыздарға қандай ұсыныс беріп жатсыңдар? "Маған тұрмысқа шығып, 24/7 менің туысқандарыма қызмет көрсетуің, 24/7 маған қызмет көрсетуің, міндетті түрде тууың керек, менің әулетімді жалғауың керек, кез келген сәтте менің достарыма ұнауың керек, ал ұсынысым қалай?" (дейсіңдер - еск.). Жігіттер, сендердің қыздарға беріп жатқан осындай ұсыныстарың мүлде қызықтырмайды. Тізімді қарайды да (қыздар - еск.), "саған тұрмысқа шыққандағы шарт қандай, жоқ, осыған сен маған көп болса, 500 мың берейін деп жатсың ба?" (дейді - еск.), қалың малдары бар ғой тағы. "Мен бәленбай миллионға артымнан тұрмыстық техника, киім, жиһаз (апарамын - еск.), бұл тең ұсыныс емес қой, сен сонда бас аяғы көп болса 2000 доллар бересің, менің шығыным жоқ дегенде 10 мың доллар. Оның үстіне өмір бойы саған, туыстарыңа қызмет көрсетемін бе? (дейді - еск.). Қыздар ондай ұсынысқа көнбейді", - дейді Роза Әшірбаева.

Әлеуметтік желіде бұл пікір қызу талқыға түсті. Олардың арасында Роза Әшірбаеваның сөзін қолдағандар да, қолдамағандар да бар.

"Өте дұрыс айтасыз", "Мен мұны енді түсіндім", "Осыны ақыры біреу айтты ғой", "Бәрі бірдей емес, көп топырақ шашып, қыздардың миын уламаңыз", "Бізге келін болатындар мынаны тыңдап өзінше болатын шығар", "Қыздар қазір ақылды. Бұндайға көнбейді және мен соған қуанамын", "Жігіттердің көзі ашылсын деген видео. Құл алып жатқан жоқсың деген сөз", "Қуасыз осы сіз, енді не болады сонда, тұрмысқа шықпа деп отырсыз ба сонда", "Ақша шығынды қоя беріңізші, тұрмыс қаншама қыздың өмірін құртты ғой! Жігіттер үйленерде көп өтірік сөйлейді, маска тағады", - дейді олар.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!