Ақтөбеде салынғанына жүз жыл болған үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр

Ақтөбеде салынғанына 100 жылға жуық уақыт болған үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қаладағы Некрасов көшесінің бойындағы екі қабатты №59 үйдің іргесі 1927 жылы қаланған. Қалалық әкімдікке жақын орналасқан үй апатты жағдайда тұр.

 Төбесі мен қабырғалары жарылып, іргетасы үгітіліп жатыр.

 Тұрғындар бір күні үйінді астында қаламызба деп қорқады.

 Айтуларынша, осыдан бір ай бұрын пәтердің бірінде газ баллоны жарылыпты. Құдай сақтап, өрт сөндірушілер дер кезінде келген.

"Үйдің ішінде газ жоқ. Барлығымыз газ баллонын қолданамыз. Тамақ пісіріп жатқанда өрт шықты. Құдай сақтады, егер құтқарушылар уақытында келмегенде жарылып кететін едік. Пәтер ішіндегі заттарым түгі қалмай өртеніп кетті. Амал жоқ, қазір пәтер жалдап тұрып жатырмын. Үйде адам тұру мүмкін емес. Бір күні құлайды. Үйдің ішінде су жоқ, суды даладан тасимыз. Дәретхана жоқ. Құдай сақтасын енді газ баллоны жарылса үйдің күлі көкке ұшады" - дейді Айсұлу Алмағамбетова.

 Айсұлудың бұл үйде тұрғанына 13 жылдай уақыт болған.

 Осы мәселені айтып, бармаған жері қалмапты. Әкімдік тұрғын үй кезегінде 74-ші орында тұрғанын айтқан. Инвестор табылса үй сүріліп, орнына жаңа үй салынатынын да жеткізген. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр.

 

Ал Жанай Әбіғалиева бұл үйде 38 жылдан бері тұрып келеді.

"Ескі үйді қанша жөндесең де жаңармайды. Қабырғалары үгітіліп жатыр. Қасымызда мектеп бар. Үй жоғары да тұр, егер құласа мектепке қарай құлайды" - дейді Жанай.

Қираудың аз-ақ алдында тұрған үйде 11 пәтер бар. Негізінген үйде әлеуметтік жағдайы төмен, әлжуаз топтағылар тұрып жатыр. Басқа үйге көшуге жағдайлары жоқ. Ал осыдан бір ғасыр бұрын салынған үй күннен-күнге тоз-тозы шығуда. Тұрғындар әкімдіктен ескі үйді сүріп, орнына жаңа үй тұрғызып беруін немесе өзге жақтан пәтер беруілерін сұрайды.

Аталған мәселе бойынша Ақтөбе қалалық әкімдігіне  хабарластық. Әкімдіктің мәліметінше,  үй апатты деп танылған. Тұрғындар үйге мұқтаж адам есебінде кезекке тұра алады. Қазір жеке инвесторларлар іздестіріліп жатыр. Инвестор үйді жерімен бірге тұрғындардан сатып алады.

Алайда қазіргі күні қызығушылық танытып жатқандар жоқ көрінеді. Дегенмен әкімдіктегілер  бұл мәселемен әрі қарай айналыса беретіндерін айтты.

Кәмшат Қопаева

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!