Тоқаев Ұлыбританияның мемлекеттік министрі Нусрат Ганиді қабылдады

Тоқаев Ұлыбританияның мемлекеттік министрі Нусрат Ганиді қабылдады
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан Президенті Ұлыбританияның мемлекеттік министрі Нусрат Ганиді қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның бизнес және сауда істері жөніндегі мемлекеттік министрі Нусрат Ганиге ілтипат білдіре отырып, Ұлыбритания Қазақстанның негізгі сауда серіктесінің бірі және ел экономикасына инвестиция салу көрсеткіші бойынша жетінші инвестор екенін атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда 550-ден аса ұлыбританиялық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, олардың арасында Shell және Ernst & Young сияқты жетекші компаниялар бар.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы былтыр 60 пайызға артып, 1,8 миллиард доллар болды.

"Біз Лондонмен сауда және инвестиция салаларындағы байланыстарымызды кеңейтуге мүдделіміз. Ұлыбританиялық тараптың да Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ниет танытып отырғанын ерекше атап өткім келеді", - деді Президент.

Өз кезегінде Нусрат Гани құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына ризашылығын білдіріп, Ұлыбритания тарапы екіжақты байланыстарды дамытуға баса мән беретінін атап өтті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек