"Қант диабеті, қатерлі ісік, цистит". Кіші дәретке жиі бару қандай аурудың белгісі болуы мүмкін?

"Қант диабеті, қатерлі ісік, цистит". Кіші дәретке жиі бару қандай аурудың белгісі болуы мүмкін?
Фото: wayhomestudio/Freepik

Кейбір адамдар кіші дәретке жиі баратынын айтып, шағымданып жатады. Адам негізінен кіші дәретке күніне 3-7 рет шығуы керек. Егер дәретханаға шамадан тыс көп баратын болсаңыз, дәрігер кеңесін алуыңыз қажет. Уролог, медицина ғылымдарының докторы Медет Балтабеков Massaget.kz тілшісіне кіші дәретке жиі барудың себебін және ол қандай аурулардың белгісі болуы мүмкін екенін түсіндірді.

Дәрігердің айтуынша, кіші дәретке жиі барамын, бірнеше урологта болдым, нәтиже болмай тұр, менде мынадай белгілер бар деген шағыммен келетін науқас саны аз емес.

Жиі зәр шығару физиологиялық не патологиялық ауруға байланысты болуы мүмкін. Физиологиялық жағдай өздігінен кетеді, ал патологиялық жағдайдың пайда болу себебін анықтап, ем алу қажет.

Кіші дәрет бұзылуының белгілері:

  • Күндізгі уақытта дәретханаға жеті реттен көп бару;
  • Ноктурия - түнгі уақытта кіші дәретке шығу, көбінесе еріксіз;
  • Зәр шығару кезіндегі қиындықтар, мысалы ағыны әлсіз;
  • Кенеттен қуықты дереу босатуға деген ұмтылыс;
  • Зәр шығару жеңілдік сезімін тудырмауы;
  • Зәр шығарғанда ашу, жыбырлау сезімдері;
  • Кіші дәретке жиі, бірақ аз мөлшерде шығу.

Уролог кіші дәретке көп шығу суық тиюмен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

"Дәретханаға жиі бару суықтап қалғаннан немесе шамадан тыс жүйке жүктемелерінен туындауы мүмкін. Адамда иммунитет төмендеп, алкогольді ішімдіктерді көп мөлшерде ішсе де жиі зәр шығару мәселесі мазалайды", - дейді медицина ғылымдарының докторы.

Сонымен қатар, жиі зәр шығарудың тек бір жыныс өкіліне тән ерекше патологиялық себептері бар.

Әйелдердегі зәр шығарудың жоғарылауы көбінесе жамбас бұлшықеттерінің әлсіздігі, жатыр миомасы, эндометриозбен байланысты. Сондай-ақ, бұл белгі әйел жыныс жүйесінің көптеген қабыну және ісік процесіне тән.

Ал ер адамдардағы зәр шығарудың жоғарылауы простата аденомасы, простата обыры, простатит, қуық мойны склерозынан туындауы мүмкін. Ер адамға тән өзіндік белгі қатарына уретраның ашуы, арқаның төменгі бөлігінің ауыруы жатады.

Бұдан бөлек жиі зәр шығару бірқатар аурудың белгісі болуы мүмкін:

  • бүйректің қабыну аурулары;
  • уролития;
  • уретрит;
  • гиперактивті қуық;
  • простата мен зәр шығару каналындағы қабыну процестері (простатит және уретрит)
  • қант диабеті;
  • цистит;
  • гломерулонефрит, қуық пен жыныс мүшелерінің туберкулезі сияқты басқа аурулар;
  • жыныстық инфекциялар.

Жиі зәр шығарудың ең қорқынышты әрі қауіпті белгісі ол түнде, яғни ұйықтап жатқанда дәретханаға барғыңыз келуі. Егер түнде дәретханаға баруға жиі оянатын бастасаңыз, дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз.

Медет Балтабеков жиі зәр шығаруға шалдығудың алдын алу үшін орындалуы керек кеңес берді.

  1. Жылына 1 рет урологта тексерілу;
  2. Салауатты өмір дағдылары;
  3. Физикалық белсенділік, спорт;
  4. Дұрыс тамақтану қант диабетінің алдын алып, иммунетті нығайтады;
  5. Ретсіз және қорғанусыз жыныстық қатынасқа түспеу;
  6. Қыста аяқ пен белді жылу ұстау, яғни қалың әрі жылы киіну.

Айта кетейік, бұған дейін балалардың жиі зәр шығаруының себептері хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Шешендік сөздердің жанрлық тектері қандай?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Б. Жұмаділлә