Dara Daryn: Жас ақындардың айтысы басқа айтыстардан өзгеше

Елордада 2023 жылғы 16-18 қараша аралығында  жас ақындардың өнерлері түйіскен "Өнерге құмар өрендер" атты аймақтық оқушылар айтысы өтті. Жас таланттардың өнерін көпшілікке таныту "Dara Daryn" жобасының аясында Sana Holding компаниясының қолдауымен жүзеге асты. 

Бұл сайысқа еліміздің өңірлерінен жас таланттар жиналып, елорданың төрінде бас қосты. Атап айтсақ: Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола облыстары мен Астана қаласының оқушы ақындары келді.

Қатысушылардың айтуынша, бұл айтыс басқа айтыстарға қарағанда ерекше өткен. Себебі айтыс басталмас бұрын жас ақындарға Серікзат Дүйсенғазин, Еркебұлан Қайназаров, Әділ Ахметов, Ерболат Шалдыбеков сынды өнер майталмандар 2 күн қатарынан шеберлік сағаттарын өткізген. Онда жас ақындардың өздерін сахнада ұстау әдебі, әнді орындаушылық шебері, шешендік өнердің жаттығулары көрсетіліп, қажеттіліктері түсіндірілді. Оған қоса SMM-PR менеджері мен әлеуметтік желі эксперттері жас қатысушыларға мобилографияның қыр-сыры мен әлеуметтік парақшаны қалай дұрыс жүргізу керектігін үйреткен.

Сондай-ақ, жас ақындарға ұйымдастырылған экскурсия  Орта Азиядағы ең үлкен  Бас мешіттен бастау алып, Ұлттық кітапхана, мұражай, EXPO көрмелерінде жалғасын тапқан.

Тәуелсіздік күні мен төл Теңгеміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған "Өлеңге құмар өрендер" атты аймақтық оқушылар айтысының жеңімпаздарына 2 миллион теңгеге жуық қомақты қаражат бөлініп, қатысушылар өз сыйақыларын алды.

Ал арнайы жүлделерді - Жарқын Сұлтан (Солтүстік Қазақстан облысы) Dara Daryn жобасының атынан алса, Берік Әсет (Астана қаласы) "Адырна" ұлттық аспаптар шеберханасының басшысы Нұржан Ділмановтың атынан арнайы домбыраны сыйға алды.

Бас жүлде - Рағат Нұрислам (Қостанай облысы)

Бірінші орын - Мейіржан Баршынбай (Павлодар облысы)

Екінші орын - Сәттібек Серікболатұлы (Ақмола облысы)

Екінші орын - Науат Жақатаева (Астана қаласы)

Үшінші орын - Ибраһим Қазбек (Павлодар облысы)

Үшінші орын - Маратбекқызы Ханшайым (Абай облысы)

Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Сонымен қатар, Бас жүлде мен Бірінші орын алған оқушылардың ұстаздарына 600 000 теңге көлемінде бір жылдық стипендия табысталды. Бұл жетекшілерді жас ақындардың шеберліктерін арттыру жолында әрі қарай ынталандыруға септігін тигізетіні анық.

Сайыс соңында Sana Holding компаниясының атынан барлық қатысқан аймақтарға 5 домбырадан сый беріліп, жас ақындар ұйымдастырушыларға үлкен алғыстарын жаудырды.

Бұл айтыс өлеңге, өнерге бейімі бар жас дарын ақындарды қолдай отырып, қазақтың қара домбырасын серік еткен оқушылардың талабын ұштауға, дарынын дамытуға үлесін қосты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!