Мектеп директоры оқушыны ұрып-соқты

Желіде Ташкенттегі мектептердің бірінде директордың оқушыны ұрып-соғып жатқаны туралы видео тараған еді. Осыған қатысты Ташкент қалалық мектепке дейінгі және мектепте білім беру басқармасы түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Видеодағы мәлімет бойынша, Ташкент қаласындағы №217 мектептің 8-сыныбында оқитын екі бала кабинетте төбелесіп қалған. Бірі екіншісінің бетінен жұдырықпен ұрып, жарақаттаған.

"Мұны білген мектеп басшылығы оқушыларды директордың кабинетіне шақырған. Мектеп директоры, директордың рухани-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Чилонзор ауданы ішкі істер бөлімінің инспектор-психологі, аға лейтенанттың қатысуымен оқушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Мектеп басшысы балалардың бірін тәртіпке шақыру барысында оған ұрысып, ұрып-соққан", - делінген хабарламада.

Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасарлары, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер, ІІБ қызметкерлері мен ата-аналардың қатысуымен жиын өткені хабарланды. Қазіргі уақытта осы жағдайды құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.

"Құрметті ұстаздар! Оқушыларға күш қолдану, оның ішінде балағаттау, ұрып-соғу педагог этикасына сәйкес келмейтінін және бұл үшін біздің заңнамада жазалау шаралары белгіленгенін тағы бір рет еске саламыз. Мұндай келеңсіз жағдай педагогтің беделіне нұқсан келтіреді", – делінген хабарламада.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!