Президент ауыл шаруашылығы министріне саланы 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығаруды тапсырды

Президент ауыл шаруашылығы министріне саланы 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығаруды тапсырды
Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақорданың хабарлауынша, Президентке еліміздің ауыл шаруашылығы секторының биылғы 10 айда атқарған жұмыстарының негізгі көрсеткіштері жөнінде мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында бекітілген міндеттердің орындалуы туралы баяндалды, сондай-ақ аталған саланы одан әрі жетілдіруге қатысты жоспар таныстырылды.

Айдарбек Сапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа жиын-терін науқанының қорытындысы, биыл отандық шаруалардың қиын жағдайда жұмыс істегені және Үкімет қабылдаған қолдау шаралары жайында айтты.

Кездесу соңында Президент министрге саланы 5 жыл ішінде дамудың жаңа белесіне шығару, соның ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есе арттыру жөнінде міндет жүктеді. Ол үшін аталған салада мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіруге, шаруаларды жеңілдетілген қаржымен және субсидиямен қамтамасыз етуге, егіс алқаптарын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы ғылымын дамытуға бағытталған құрылымдық және институционалдық реформалар жүргізу қажет.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан