Павлодар облысында бостандыққа шыққысы келген әйел сотты алдап соқпақ болған

Павлодар облысында бостандыққа шыққысы келген әйел сотты алдап соқпақ болған
Фото: pixabay.com

Павлодар облысында бостандыққа шыққысы келген әйел сотты алдамақшы болған. Ол "жүктілікті" пайдаланып, соттан бас бостандығынан айырмауды сұраған. Алайда айласы іске аспады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Павлодар облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, тіркеуде тұрған Ертіс ауданының 33 жастағы сотталушысы сот үкімі бойынша мәжбүрлі жұмысқа себепсіз шықпаған. Әйел бұрын үш бала тәрбиелеген, бірақ ата-ана құқығынан айырылған.

"Есепте тұрған әйел адам жүйелі түрде алкоголь ішімдік ішкені үшін сотталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сотталғанға қатысты аталған заң бұзушылықтар үшін бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы материал Ертіс аудандық сотына жолданды. Сот отырысында әйел "жүктімін" деп, сотты жаңылыстыру арқылы бостандықта қалуды сұрады", - деді пробация қызметкерлері.

Осыдан кейін әйелдің сөзін тексеру үшін сот процестері кейінге шегерілді. Алайда іс жүргізу барысында оның жүктілігі расталмады. Сотталушы 4 жыл 1 ай 21 тәулікке бас бостандығынан айырылып, орташа тәртіптегі түзеу мекемесіне жіберілді.

Айта кетейік, әйел адам денсаулығына зиян келтіріп, ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан. Қазір ол әйелдер колониясына ауыстырылды. Екі бала интернатқа беріліп, бір қызы әжесінің қолында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан