Ұлытау облысында неге азық-түлік қымбат? Өңір әкімі жауап берді

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірде азық-түлік неге қымбат екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әкім өңірде ұн, нан, ет қана өздерінен шығарылатынын жеткізді.

"Логистикалық шығындар жоғары болуына, ірі агроқұрылымдар жоқтығына байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бізде ең жоғары екені байқалады. Өңірімізде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің тізімі бар. Оның үшеуі ғана бізде өндіріледі: ұн, нан және ет. Қалған өнімнің бәрі сырттан жеткізіледі: тауықтың еті, жұмыртқасы, рожки, сүт, ірімшік", - деді Берік Әбдіғалиұлы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімінің айтуынша, өнімдер өңірге жеткенде үстіне тағы 10 пайыз қосылады.

"Осылайша, бұл бағаның өсуіне әкеледі. Осыған байланысты қазір бізде арнайы агрожобалар басталып жатыр. Ендігі жылдың басында тауық етін өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонда 30 пайыз өнім өндіреміз. Сондай-ақ, тұрақтандыру қоры құрылған. Бұл қор барлық өңірде бар. Оның 1,6 миллиард теңге қаражаты бар. Өкінішке қарай, картопты өзімізде өсіре алмай жатырмыз. Өйткені бізде суырмалы ауыл шаруашылығы жоқ. Биыл бірнеше жобаны бастадық. 2024 жылы жылы нәтижесін көреміз", - деді өңір басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда азық-түліктің қай түрі қымбаттағаны туралы жазған едік.

Аяз Есен

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!