"Күйеуіңіздің бетінен алмай, тәкәппарлық танытпай, шешімін табыңыз". Гүлзира Айдарбекова әйелдерге кеңес берді

"Күйеуіңіздің бетінен алмай, тәкәппарлық танытпай, шешімін табыңыз". Гүлзира Айдарбекова әйелдерге кеңес берді
Фото: instagram.com/gulziraaidarbekova

Танымал продюсер, Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова ерлі-зайыптылардың ажырасу себебін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол оқырмандарының сұрақтарына жауап беріп, қазіргі жиі талқыланып жатқан мәселені көтерді. 

"Қазір қоғамда жиі айтылатын сөзге қарным ашады. "Өзіңді жақсы көр, күйеуіңмен теңсің, өзің ғана күшті бол" дегенді асыра сілтеп тастаған. Негізі, тереңнен ойласақ, біздің менталитетке сай келмейді. Біздің қазақ әрдайым ер адамды сыйла, әйел бір саты төмен дейді. Бізді ата-анамыз осылай тәрбиелеген. Олардың тәлімі біз үшін өмір бойы - сабақ. Жолдасымның айтқанына көбірек құлақ түремін. Дұрыс болмай жатса, айтып түсіндермін. Мейлінше ортақ шешімге келуге тырысамыз. Сіз де күйеуіңіздің бетінен алмай, тәкәппарлық танытпай, шешімін табыңыз. Отбасылық құндылық осыдан басталады", - дейді продюсер. 

Оның айтуынша, әйелдердің ерлермен тең болуы - жат нәрсе, түбі ажырасуға әкеп соғады екен.

"Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар арасында әйелдер менмендікке салынып, артық кетіп жатады. Еліміздегі ажырасудың көбеюі де осыған байланысты. Қай жағынан алып қарасақ та ерлермен тең болуымыз – жат ұғым. Басқа ұлттарға қарасаң, қартайған шағында жалғыз қалады немесе қарттар үйіне өткізіп жібереді. Мейірім жоқ. Осындай өмірдің бетін әрмен қылсын! Біздікілер соларға еліктеп, "өзіңді жақсы көр, күйеуіңе міндетті емессің" дегенді жиі айтады. Олардың дені біздің қазақы тәрбиемізге, өмір сүру салтымызға келе ме, зияны тимей де деп саралау керек. Ғаламтордағы ақпаратты сүзгіден өткізіп, керегін ғана алу керек. Қазір көп әйел "өзім", "өзімдікі ғана дұрыс" деп кетті. Ол қазақтың "Мықты еркектің артында әйел тұрады" деген қанатты сөзімізді ұмыттырды. Ерлерге әйел тарапынан қолдау болмағасын отбасында махаббат пен мейірім азайып қалғандай көрінеді", - дейді Гүлзира Айдарбекова. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Күнде фастфуд жесе не болады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек