Павлодар облысында мас мұғалім көлікпен дүкенге кіріп кеткен

Павлодар облысында мас мұғалім көлікпен дүкенге кіріп кеткен
Фото: "КТК" телеарнасы

Павлодар облысында мас мұғалім дүкенге көлікпен кіріп кеткен. Бұл ақпарат Шарбақты аудандық сотының қаулысында қамтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

"ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін К. кінәлі деп танылсын және көлік басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыра отырып, 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза қолдансын", - делінген сот қаулысында.

Сот материалдарында Шарбақты ауданындағы "Радуга" мектептен тыс жұмыс орталығының 50 жастағы қосымша білім беру педагогы мас күйінде Kia Sorento-ны тізгіндей алмағаны және "Уют" дүкенінің аумағына кіріп кеткені айтылады. Көлік темір қақпамен соқтығысып, қабырғаға, есікке, жылу жүйесіне, тауарларға зиян келтірген.

Шарбақты ауданының білім бөлімі мәліметінше, әскери-патриоттық жұмыс бойынша қосымша білім беру педагогы оқиға кезінде денсаулығына байланысты жұмыста болмаған. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова