"Бірнеше шенеунікке жала жапты" деп айыпталған тараздық блогер сотталды

"Бірнеше шенеунікке жала жапты" деп айыпталған тараздық блогер сотталды

Сотталушы адамды ауыр қылмыс жасады деп айыптауға ұласқан көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін айыпталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

№2 Тараз сотының мәліметінше, 2022 жылдың қазан айында сотталушы Нұрлан Қанатов өзін саяси жағдайдың құрбаны деген ой қалыптастыру мақсатында көлігінің өртенген бейнежазбаларын Facebook әлеуметтік желісіне таратқан. Соттың мәліметінше, көлікті өртеуге өзі тапсырыс берген. 

Сосын көлігінің өртенгенін ұйымдастыруда аймақтағы бірнеше лауазымды тұлғаны айыптап, тиісті арызбен Жамбыл облысы полиция департаментіне жүгінген.

"Бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғалып, қылмыс құрамы болмауына байланысты іс қысқарған. Осылайша К. қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізген. Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен, бейнежазбалармен, айғақ заттар арқылы дәлелденді. Прокурор сотталушыны 5 жыл 4 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады", - деп жазды ведомство.

ҚК 419-б. 3-б. санкциясында 3 жылдан 8 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған балаларының бар екені есепке алынды.

Жазаны ауырлататын мән-жай жоқ. 

Соттың үкімімен К. 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан