"Халал кір сабын шығарамыз". Отандық тұрмыстық химия өндіретін цехтың иесі кәсібінің ерекшелігін айтты

25 жастағы Алихан Джорабаев тұрмыстық химия өнімдерін шығарады. Отандық Lady тұрмыстық химия өндіретін цехтың иесі, жас кәсіпкермен кір сабын, сұйықтықтардың құрамы туралы  Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"5 млн теңге жұмсадым"

Алиханның мамандығы - дәрігер-эпидемиолог.

"Кәсіп бастамас бұрын Түлкібас ауданында дәрігер бактериолог болып жұмыс жасадым. Сол кезде жуатын сұйықтықтардың бәрі шетелден келетін. 2021 жылдың соңында тұрмыстық химия шығару туралы идея келді. Қазақстанда бұл салада бәсекелестік аз екенін байқадым. Себебі көп тауарлар шетелден әкелінеді. Сосын идеямды жүзеге асыруға кірістім. Бұрыннан кәсіп ашсам деп жинап жүрген 5 миллион теңгем бар еді. Соның шетінен алып, керек аппараттар, қоспа, не керек барлығын ала бастадым. Ресейден, Өзбекстаннан, Қазақстандағы 1-2 компанияларды қарап, біраз нәрсе үйрендім. Жалпы осы бизнесті ашуға сол жинаған 5 млн теңгені толықтай жұмсадым", - деді ол.

Оның айтуынша, барлық өнімге сертификат бар.

"Біздің өнімдер гипоаллергенді қолға денеге тигенде зиян келтірмейді. Аллергиялық реакция тудырмайды.  Қазіргі таңда 12 өнім шығарамыз. Құрамына келетін болсақ, шығарылған өнімдерге әр түрлі ПАВ-тар, кірді, майды кетіруге арналған заттар т.б. қосылады. Әр шығарылған өнім арнайы тексерістен өткен. "Зиянсыз" деп сертификатталған", - деді Алихан.

"Бізде стереотип қалыптасқан"

Алихан қазіргі таңда мекемені жалға алғанын айтты.

"Кәсіпкер болудың өз алдына қиындықтары бар. Көп жауапкершілікті талап етеді. Бүгінге дейін кәсіпке кеткен шығындардың бәрін жаптым. Бастапқыда халықты отандық өнімге үйрету қиын болды. Себебі  "отандық өнімнің сапасы нашар" деген стереотип қалыптасқан. Қазір шүкір, өнімнің сапасы халықтың көңілінен шығып жатыр", - деді ол. 

Оның айтуынша, кір сабын жасау үшін іш май қосылады.

"Жуатын сұйықтықтармен қатар кір сабын да жасаймыз. Оны жасау үшін іш май, қалдық майлар бәрі миксерге салынып, түрлі формада шығарады. Кейбір кісілер сабынға шошқаның майын қосады екен. Бізде халал деп айтсақ болады", - деді кәсіпкер. 

"Жиі тапсырыс түседі"

Алиханның айтуынша, кәсіптен айына 1-2 млн теңге табыс түседі.

"Біз өнімдерімізге жарнаманы таргет арқылы береміз. Бұдан бөлек бізден алған адамдар бір-біріне айтады. Сол арқылы танымал болып жатырмыз. Көбінесе Астана, Қарағанды, Шымкент, Тараз қалаларынан жиі тапсырыс түседі. Бір айда өнім арқылы 1-2 млн теңге  табыс түседі", - деді ол.

Кәсіпкер алғашында дүкендердің сұранысын қалыптастыру қиын болғанын айтты.

"Отандық өнім болғандықтан бағасы арзан әрі сапасы да жақсы. Көтерме саудада 0.5 литрі 250 теңге тұрады. Ал дүкендердегі басқа брендтердің бағасы 500-700 теңге аралығында тұр", - деді ол.

"Неге Lady деп атадым?"

Оның айтуынша, өндірістің атауын өзі қойған.

"Атауын өзім қойдым. "Lady" сөзін аударғанда "үй бикесі" деген мағына береді. Біздің өнімдерді көбінесе әйелдер пайдаланады. Сол үшін осыны қойдым. Тез жатталады әрі оңай айтылады", - деді кәсіпкер.

Алихан алдағы уақытта өндіріс орнын барлық қаладан ашқысы келетінін айтты.

"Қазіргі таңда 5 адамды тұрақты түрде жұмыспен қамтып отырмын. Тапсырыс өте көп. Кей кезде 10 адамды күндік жұмысқа аламын. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірінен  өндіріс орындарын ашқым келеді. Соған  серіктестер іздеп жүрмін", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін "Pinduoduo-ны қытайлықтар қолданбайды". Бір жылда 70 млн теңге табыс тапқан кәсіпкер құпиясын бөліскені туралы жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Абай өлеңдеріндегі табиғат суреттері

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!