Атыраулық ер адам әйелімен жанжалдасып, көпқабатты үйді жарып жібермек болған

Атыраулық ер адам әйелімен жанжалдасып, көпқабатты үйді жарып жібермек болған
Фото: Instagram

Атыраулық ер адам үйіндегі жанжалдан кейін газды ашып, көпқабатты үйді жарып тастаймын деп қорқытқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

15 қараша күні сағат 22:09 шамасында 1975 жылы туған қала тұрғыны Атырау қаласы полиция басқармасы №1 қалалық полиция бөліміне Азаттық даңғылы бойындағы пәтерлердің біріндегі отбасылық жанжал жөнінде хабарлама берген.

Тексеру барысында оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлеріне 1979 жылы туған азамат қарсылық білдіріп, мас күйде пәтерінің есігін құлыптап, газ жіберіп, үйді жарып жіберетіндігін айтқан. Тексеру барысында әйелі мен баласы үйден шығып кеткендігі анықталған. Сонымен қатар, оқиға орнына "АтырауГазАймақ" АҚ, ТЖД және жедел-жәрдем қызметкерлері шақырылған. 1979 жылы туған ер адам қызметкерлерге бағынбай пәтердің терезесінен шатырға шығып, сол жерден ұсталды.

Қазіргі уақытта бұл азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК 73-бабы "Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер", ҚР ӘҚБтК 438-бап "Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру", ҚР ӘҚБтК 667-бап "Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау", ҚР ӘҚБтК 669-бап "Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау" бойынша әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс құжаттар сотқа жолданды.

Айта кетейік, 1979 жылы туған ер адамға қатысты осы жылдың 5 қарашасында сотпен 1 жыл мерзімге ерекше талап орнату қаулысы шыққан.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина