14 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түсіп, видео түсірген: Дина Таңсәрі жантүршігерлік мәліметті айтты

"Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі Қонаев қаласында екі полицей 14 жастағы мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түсті деп мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғам белсендісі ақпараттың рас-өтірігін анықтауды сұрады. 

"Бізге аноним дереккөз Қонаев қаласында полиция қызметкері өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып 14 жастағы мектеп оқушысымен жыныстық қатынасқа түсіп, оны видеоға түсіріп алғанын хабарлады. Олардың бірі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор, ғимаратты күзету жөніндегі полицияның екінші қызметкері, қазір екеуі де қамауға алынып, алдын ала жұмыстан шығарылғаны хабарланды. Бұл туралы бүкіл ішкі істер бас басқармасы біліп отыр, бірақ бастықтар үндемеуді бұйырған", - дейді Дина Таңсәрі. 

Алматы облысының Полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты былай жауап берді: 

"Кәмелет жасқа толмаған қызға қатысты қылмыс жасады деген күдіктілер қамауға алынды. Полиция қызметкерлері кісі зорлады деген күдіктілерді әшкереледі. Ағымдағы жылдың 7 қарашасында полицияға Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қызына қатысты екі белгісіз адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы арызданды.

Сол күні қылмыстық іс ҚР ҚК 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша облыстық полицияда тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 2000 және 2001 жылғы күдіктілердің жеке басын анықтап, "ізін суытпай" ұстады. Тергеу нәтижелері бойынша олар қамаққа алынды. Жақын арада сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу аяқталып, қылмыстық істің материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілетін болады. ҚР ҚІЖК 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - дейді Massaget.kz тілшісіне берген жауабында. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!