"Көрсе шошиды". Балабақшада баланың шынашағын есік жұлып кеткен

"Көрсе шошиды". Балабақшада баланың шынашағын есік жұлып кеткен
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Павлодарда балабақшада баланың шынашағының бір бөлігін есік кесіп кеткен. Ауруханада дәрігерлер орнын тігуге тырысыпты, бірақ нәтиже болмаған. Болған оқиғадан кейін тәрбиеші мен директор сөгіс алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Қыздың анасының сөзінше, балалар серуеннен келе жатқан. Осы кезде қызы табалдырықтан өтіп, есік жақтауын ұстаған. Ал тәрбиеші есікті жіберген кезде баланың саусағын жұлып кеткен.

"Баланың оң қолындағы шынашағының жартысы кесіліп қалды. Жедел жәрдем шақырылып, бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. 20 қазанда оған ампутация жасалды, саусағының жартысынан көбі алып тасталды. Балабақшада тәрбиеші есікті жіберіп қойғанына басқа бала терезеге шығып алғаны себеп болғаны айтылды", - деді баланың анасы әлеуметтік желілерде.

Ол балабақшадағылар тіпті кешірім сұрамағанын, камералардан жазбаларды көруге рұқсат бермегенін айтып шағымданды.

"Бала есеңгіреп қалды, ол саусағын тігіп жатқанын көрді. Содан кейін анестезиямен ампутация жасалды, екі апта бойы күніне алты укол салынды. Енді ол таңғышсыз саусағын көргенде шошиды", - дейді баланың анасы.

Оқиға бойынша полиция тергеуді бастаған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова