Бес балаға 20 миллионыншы тұрғын екенін дәлелдейтін арнайы туу туралы куәліктері дайындалды

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 20 миллионыншы қазақстандық дүниеге келген отбасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство басшысы өзінің Telegram-каналында бес балаға еліміздің 20 миллионыншы азаматы екенін айғақтайтын арнайы туу туралы куәліктері дайындалғанын айтты.

"Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны 14 қарашада сағат 08:10-да дүниеге келген екен. Жас аналардың бірі Диана Әзімбаева "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиалының қызметкері екенін айрықша атап өткім келеді. Ол Талдықорған қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде 2021 жылдың 1 қазанынан бастап жетекші сарапшы болып жұмыс істейді. Диана дүниеге ұл әкелді, ол – отбасындағы төртінші бала. Бұл отбасында екі ұл мен қыз өсіп келеді", - деп жазды министр.

Бағдат Мусин сонымен бірге туу туралы куәлікті алу қызметін 4-30 күннен 5 минутқа дейін қысқарғанын және оны онлайн форматқа ауысқанын еске салды.

"Қазір перзентханада нәрестесін дүниеге әкелген жас анаға мобильді қосымша арқылы баланың тууымен құттықтаған хабарлама келіп түседі, онда баланың аты-жөнін жазады, содан кейін туу туралы цифрлық куәлікті, бұған қоса, банктің көрсетілген картасына бала туу және нәресте күтіміне берілетін жәрдемақыны алады", - деді ол.

Қазақстанда жыл сайын 400 мыңға жуық бала дүниеге келеді, олардың 68 пайызының құжаттары проактивті/онлайн форматта рәсімделеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз