Алматыдағы ЖЭО газға ауыстыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды

Алматы энергокешенін газға ауыстыру жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "QazaqGaz "ҰК" АҚ-ның еншілес компаниясы – "Интергаз Орталық Азия" ұйымы газ инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңін аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бірінші кезеңге екі автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы және "Алматы-Байсерке-Талғар" және "Қазақстан-Қытай" магистральдық газ құбырларын біріктіретін ТІР-04 жалғастырғыш құбырлары кірді. Сонымен бірге, Батыс жылу кешені Автоматтандырылған газ тарату станциясына жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

"Алматы ЖЭО үшін газ инфрақұрылымы құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Бұл Мемлекет басшысының Алматы Жылу электр орталығын газға көшіру жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы алғашқы қадам. 2030 жылға дейін қаланың өнеркәсіптік және жеке секторлардағы нысандары газдандырылады. Тиісті жобалар қаланы дамыту бағдарламасында және Алматының жаңартылған Бас жоспарында қамтылған", - деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.    

Автоматтандырылған газ тарату станциясы 2-ші Жылу электр орталығын  табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған. Олардың өнімділігі - 250 және 150 мың м3/сағ.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самұрық-Қазына қоры, QazaqGaz ұлттық компанияcы мен Алматы қаласының әкімдігіне аталған жобаны жеделдетуді тапсырған болатын. Жалпы, еліміздің энергетика саласы, Алматы қаласының экологиясы, орта және шағын бизнесі үшін өте маңызды жоба деп айтсам қателеспеймін. Алматы қаласының индустриалдық аймағында орналасқан бизнес субъектілеріне үлкен көмек болады", - деді "Самұрық-Қазына" АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі тең басқарушы Елжас Отыншиев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!