Алматыда тоқсан жылдық тарихы бар ипподром сүрілмекші

Алматыда тоқсан жылдық тарихы бар ипподром сүрілмекші
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Алматы қаласындағы тоқсан жылдық тарихы бар ипподромның тағдыры қыл үстінде тұр. Жері жекеменшікке тиесілі ат жарыс алаңы сүрілуі мүмкін. Аумақ иесі "ипподром халықаралық стандартқа сай келмейді, нысанның әбден тозығы жеткен" дегенді алға тартып отыр. Алайда мұнымен атбегілер келіспейді. Қаршадайынан ат баптаумен айналысып, осы жерден өсіп өндік деген олар жаңа ипподромның салынатынына сенгісі жоқ. Тараптарды Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Аман Құсайынов Алматы ипподромында 13 жасынан бастап ат баптаумен айналысып келеді. Қазіргі таңда  қолтума қазақы жылқы мен асыл тұқымды 10 шақты жылқысы бар. Айтуынша жер иесі ипподром халықаралық стандартқа сай келмейді деген желеумен нысанды сүріп тастамақшы. Тіпті инвестор тартып, жаңа ипподром салынар аймақты да белгілеп қойыпты. 

"Инвесторды әкеліп жаңа ипподромның макетін көрсетті. Ол үлкен қаражатты талап етеді. Жәй ғана жолын жасау үшін 4-5 миллион доллор ақша керек. Бар ойы бізді бұл жерден көшіріп жіберу. Ипподромды сүріп, орнына басқа нысан салғылары келеді. Мен өзім қолтумамен айналысып отырмын. Алды 2-3 жасқа шықты. Аттың аяғы кетіп қалады. Бір атқа 30 мың теңге төлейміз. Бірақ атбегілерге ешқандай жағдай жасап жатқан жоқ. Президенттен және қала әкімінен 90 жылдық тарихы бар нысанды сақтап қалуды сұраймын", - дейді атбегі Аман Құсайынов. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Кеңестік кезеңде түрлі халықаралық жарыстар өткізілген бұл нысанға 250 ат сыяды. Әр атбегі айына 30 мың теңгеден төлейтінін ескерсек иесінің нысанға көк тиын қаржы салмағанын аңғару қиын емес.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жолы сол күйі жөнделмеген. 

90 жыл бойы стандартқа сай келген ат жарыс алаңын инвестор келген уақытта жоққа шығарыпты. Ал жаңа ипподром саламыз дегенге атбегілердің сенгісі жоқ. 

"Бұл ипподромды сүріп тастап, орнына көпқабатты тұрғын үй тұрғызбақшы. Жаңа ипподромды салып бітірместен ескісін бұзғысы келеді. Жаңа орынды дайындап, сол маңға көшіңіздер десе ешкім қарсы шықпас еді. Бұл тарихи нысан әлемдік стандартқа сай келмейді дегендері де өтірік. 12 қараша күні инвестормен таныстырып, жаңа ат жарыс өтетін орын саламыз деді. Алайда ешқандай қағаз жүзіндегі құжаттары жоқ. Барлығы құр сөзбен айтылды. Бұл ипподромды қалдырып, реконструкциядан өткізсе дейміз", - дейді бәйге атын жаттықтырушы Алексей Орлов.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Балалар жаттығатын алаң. 

Аламан бәйгеден бөлек бұл ипподромда балаларды арнайы ипотерапиялық емдеу әдісі жүргізіледі. Жергілікті атбегілер тарихи нысанның "балалар ат спортына" қосқан үлесі орасан зор дейді. 

"Мен бұл жерге 1984 жылы келдім. Ол кезде бала едім. Бұл жерде балаларды дайындайтын спорттық мектеп болатын. Алайда қазір жоқ. Көбінесе үлкен кісілер келіп атқа отырып демалады. Сонымен қатар балаларды ипотерапиялық емдеу әдісі жүргізіледі. Жаңадан салынғалы жатқан нысанға балалар мен үлкендердің баруы қиындайды. Басшылар тек ат жарыс өтетін уақытта көктемнен күзге дейін ғана болады. Жөндеу жұмыстарын жүргізген емес. Нысан сүрілер болса балалар ат спорты кенде қалады. Атбегілердің де көбі жұмыссыз қалмақ", - дейді атпен жүру нұсқаушысы Наталия Орлова . 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Атбегілер жем-шөбін қоса алғанда бір аттың күтіміне айына 150 мың теңге кетеді дейді. 

Бұл аумақ 2015 жылы рейдерлік әрекеттерден кейін жекенің қолына өтіп кеткен. Атбегілер ипподромның иесі шетел азаматы екенін айтты. Ол азаматтың тарихи нысанды қайта жөндеуден өткізуге құлқы жоқ екен. Ал жергілікті жердегі басшысы ат жарыс алаңының әбден тозығы жеткенін алға тартты. Алайда нысан қашан сүріледі, орнына қандай ғимарат бой көтереді? - деген сұрақтарымызға "білмеймін" деп қана жауап берді.    

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Алматы ипподромының атқарушы директоры Майлыбаев Ержан.

"Бір апта бұрын Алматы қалалық әкімдігінде ипподромды жаңа орынға көшіру үшін қоғамдық тыңдалым өтті. Инвесторлармен келіссөздер өтті. Олар ең алдымен атбегілердің пікірін тыңдағысы келді. Бұл жердің әбден тозығы жетті. Халықаралық стандартқа сай келмейді. Алматы қаласының шекарасынан 12 шақырым жерден жаңа ипподром салмақпыз. Бұл жерге не салынатынын білмеймін. Нысанның қашан сүрілетіні белгісіз. Барлығы инвесторға байланысты. Мен барлық атбегілерге жаңа ипподром салынатынына, далада қалмайтынына кепілдік беремін", - деді Алматы ипподромының атқарушы директоры Майлыбаев Ержан.

Фото: Алматы ипподромының атқарушы директорынан

Сондай-ақ атқарушы директор жаңа нысанның электронды макетін де көрсетті. Спорттық жарыстар өтетін орын, балаларға арналған ипотерапия бар, трибуналар бәрі бар дейді. Алайда инвестормен арнайы құжатқа қол қойылмаған. Құжат болмаса жоспардың өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Себебі телефондағы сызба телімге түскенде өзгеріп сала беретін деректер өте көп. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ат әбзелдері.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Ал жергілікті әкімдік ипподромның сүрілетінінен бейхабар екендігін айтты. Сондай-ақ, тарихи нысан Алматы қаласы әкімінің қаулысымен жергілікті тарихи және мәдени маңызы бар нысандардың қатарына кіргендігін жеткізді. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы. 

"Біз бұл мәселе туралы қазір естідік. Ең басты айтатын дүние бұл ипподром жергілікті тарихи және мәдени маңызы бар нысан. Ол қаулы әлі де күшінде. Бұл нысанды сату немесе бұзу кезінде өзіндік заңдық процедуралары бар. Әкімдікке бұл ат жарыс алаңы бұзылады, орнынан тұрғын үй салынады деген ешқандай хабарлама берілген жоқ. Атбегілер аудан әкімінің қабылдауына келеді. Бұл мәселе әлі де талқылауда болады. Инвесторлар бұл жерді реконструкция жасаймыз десе біз қолдаймыз. Ал егер бұзамыз, басқа нысан саламыз десе өзінің арнайы тәртібі бар", - деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Данияр Әлкебайұлы. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Демек ипподром тарихи және мәдени нысанның қатарында болса жер жекенің қолында болса да беталды сүре салуға жол жоқ. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Бұл нысан әлемдік стандартқа сай деген лицензия алған жалғыз ат жарыс өтетін орын. Шетелде мұндай ипподромдар тарихи нысан ретінде сақталып, қайта жөндеуден өткен. Мәселен Жапонияда 1933 жылы, Англияда 1711 жылы, Нью-Йоркта 1904, Мәскеуде 1834 жылы салынған ипподромдар бар. Францияда 200 ат жарыс алаңы бар. Германияның ипподромының ортасында гольф клуб жасалған. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Құндылық пен тарихты алдыңғы қатарға қоятын елдердегі жағдай осы. Ал Алматыдағы жалғыз нысанның алдағы тағдыры қандай болары әзірге белгісіз. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Зинешов