"Аңқау ұры": ақмолалық тұрғын терминалды телефон деп ойлап ұрлап кеткен

Ақмола облысы тұрғыны дүкеннен телефон ұрлаймын деп терминалды алып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атбасар қаласының полиция бөліміне кәсіпкердің арызы түскен. Әйелдің сөзінше, 12 қарашада кешкі сағат 19.30 шамасында дүкен сөресінен белгісіз адам терминалды ұрлап кеткен. Залал сомасы 68 мың теңге болыпты.

Полиция бөлімі бұл деректі ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы "Ұрлық" бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді.

Ұрлық болған сәт дүкеннің бейнебақылау камерасы түсіп қалған. Видеода сатып алушы пакетіне заттарын салып жатып, сатушының жанындағы жасыл қаптамадағы терминалды алатынын көруге болады.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер жақын маңдағы ауылдардың бірінің 36 жастағы тұрғыны ұрлыққа қатысы бар екенін анықтады. Ер адам құрылғыны телефон деп ойлап, оны сатқысы келгені белгілі болды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз