Қазақтың шашу дәстүрінің түпкі мағынасы қандай?

Қазақтың шашу дәстүрінің түпкі мағынасы қандай?
Фото: osken-onir.kz

Шашу - көнеден бастау алған және қазір де қолданыстан шықпаған қазақтың қуанышты сәтінде жасалынатын салт. Оны бала дүниеге келгенде, жаңа келін түскенде, үйге көшкенде, жаңа көлік мінгенде, құда-құдағи келгенде шашады. Шашудың түпкі мағынасы қандай? Оны тағы қай кезде шашу керек? Бұл туралы этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне әңгімелеп берді.

Шашу "той тойға ұлассын", "бізге де жұғысты болсын" деген ниетте жасалатын жоралғы. Алайда Болат Бопайұылының сөзінше, ертеде шашу салты басқа мақсатта қолданылған екен.

"Шашу ең алғашында жорықтан жауын жеңіп оралған қас батырлардың алдынан шашу шашып қарсы алатын болған. Кейін барлық қуаныш тойға арналған тамаша салтқа айналды", - дейді этнограф. 

Шашуға тәтті-дәмді, қант-кәмпит, құрт-ірімшік, өрік-мейіз, күміс теңгелерге дейін салуға болады. Шашылған шашуды қуанышқа куә болған сол жердегі жасы үлкенінен кішісіне дейін таласып, оны аттамай, баспай теріп алуы керек.

Этнографтың айтуынша, шашуды ер адам шашпайды. Оны ақ самайлы әжелеріміз, көпті көрген апаларымыз, алтын құрсақты келіндеріміз жасайды.

"Қазақ жосынында шашуды әйел адамдар шашады. Ер адам шашпайды. Ер адамдар шашу шашса ерсі көрінеді, әйелі тілін алмайтын болады. Ер адамның рухы төмендейді деп ырым етеді. Ал шашуды әйел адам шашқанда ақ жаулықты ана, жасы үлкен ел мен жұртқа құрметі бар, даңсалы аналар шашады. Екінің біріне шашу шашқыза бермейді. Сондай аналар шашу шашса, қуаныш арт-артынан жалғасады деп сенеді. Жақсы ырымға бағалайды. Шашуда кие болады. Ол қуаныш дәмі. Оны аяққа басуға, аттап кетуге, термей жерге тастап қоюға болмайды. Олай етсе, үйден қуаныш үзіледі, дәм азаяды деп қорқады. Шашқан шашуды ертеде адамдар қалталарына салып, үйлеріндегі балаларына беретін болған. Сол қуаныш біздің де ұрпақтарымызға жұғысты болсын деген ырымы", - деді маман.

Маман шашудың екі түрі бар екенін айтты.

"Бірі "Дән шашу", оған құрт, ірімшік, баурсақ, тәтті, күміс теңге қосып шашады. Ақ жол болсын, дән көп болсын, береке болсын деген ниетпен шашылады. Енді бірі ақ дастарханға әр алуан дән мен дәм түйіп, қоржынға басқа да бағалы тойлық заттар салып әкеледі. Оны қазақ "Қоржын шашу" деп атайды. Ал шашуға ауыр салмақты заттар мен ет, сұт, айран, қымыз қымталған заттар мен құмыралар салмайды. Қамалып, пешеттеліп тұрған заттар жол тосады деп ырымдайды. Әрі шашуға ығайсыз деп қарайды", - дейді ол.

Сонымен қатар, Болат Бопайұлы шашу салтының түпкі мағынасын түсіндірді.

"Шашу қуанышты іс-әрекеттердің бәрінде ақ шашу деген сеніммен шашады. Оны "той болсын, қуаныш жалғассын, дәм-дәнекер болсын" деп жасаған дәстүр. Батаның бір түрі - шашу", - дейді Болат Бопайұлы.

Айта кетейік, бұған дейін жаңа түскен келінге балта ұстатып, күріш шашу қандай дәстүр екені хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақ пен қалмақ арасын бітістірген би-шешен кім?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә