Зекетті туған ағайындарға беруге бола ма?

Зекетті мұқтаж туған бауырларына, аға-інілеріне беруге болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сілтеме жасап. 

Зекет - мал-мүлкі нисап мөлшеріне жетпеген мұқтаж кісілерге беріледі. Алайда пақыр болса да зекетті өз ата-анасына, жұбайына және балалары мен немерелеріне бере алмайды. Себебі бұл кісілерге зекет емес, нәпақа берілуге тиіс.

Ал туған аға-інілеріне, жақын туыстарына, әпке-қарындастарына және жақындарынан басқаларына зекет беруге болады. Зекетті туыстарына берген адам зекеттің сауабымен қатар туыстық қатынасты нығайтудың сауабын да алады. Алла Елшісі бұл жайында: "Міскінге берілген садақа - бір садақаға, ал оны туған туысқа беру - екі садақаға тең: садақа беру әрі туыстық қатынасты нығайту" деген.

Имам Тахтауи: "Зекетті жақын туыстарға берген абзал. "ән-Наһр" атты кітапта былай делінген: "Зекетті мұқтаж жақын туыстарына, кейін олардың балаларына, сосын көкелеріне, одан кейін нағашыларына, сосын басқа туыстарына, содан соң көршілеріне берген жақсырақ". Әл-Фәтәуа әл-Һинияда:

"Зекет, пітір және нәзірді мына тәртіппен берген жақсырақ:

  1. Аға-інілері мен әпке-қарындастарына;
  2. Олардың балаларына;
  3. Әке жағынан ағалары мен апаларына;
  4. Олардың балаларына;
  5. Нағашылары мен нағашы апаларына;
  6. Олардың балаларына;
  7. Ағайындарына;
  8. Көршілеріне;
  9. Бірге жұмыс істейтіндерге;
  10. Бір ауылда не қалада тұратындарға", - деп келтірілген.

Сондықтан зекетті мұқтаж туған бауырларына, аға-інілеріне беруге болады. Басқа мұқтаждардан қарағанда жағындардың орны ерекше әрі туған бауырына берілген зекеттің сауабымен қоса туыстық қарым-қатынасты нығайтудың сауабы алынады. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Күйеу балаға неге төс тартады? 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз