"Көшпенділер" бекінісі сатылған кезде "Қазақфильмді" кім басқарды?

"Көшпенділер" бекінісі сатылған кезде "Қазақфильмді" кім басқарды?
Фото: Brod.kz

"Қазақфильмнің" экс-президенті Алматы облысында Іле өзені жағасында "Көшпенділер" фильмі үшін салынған бекіністі сатуда астыртын әрекет жасады деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"2017 жылы бекініс салынған құнынан 44 есе арзанға сатылған. Ол бұрынғы мәдениет министріне қарасты үлескер компанияға сатылған. Қазір бұған Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы анықталып жатыр", - деді Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов.

Ол қазір "Қазақфильмнің" экс-басшысына қатысты тергеу жүріп жатқанын, бірақ ұсталмағанын айтты.

2017 жылы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ президенті қызметін қазақстандық кинорежиссер, ақын және сценарист Бақыт Қайырбеков атқарған.

Қайырбеков 2015 жылдан бері "Қазақфильм" президенті болып жұмыс істеп, 2019 жылғы тамызда қызметінен кеткен. Ол бұған дейін "Білім және мәдениет" телеарнасының директоры болған. "Ақбосаға", "Возвращение в лоно неба", "Мен саған сәбимін" атты фильмдердің авторы. "Құрмет" орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Тілеукеновтің айтуынша, Антикорда бұл компанияның бұрынғы мәдениет және спорт министрімен байланысы бар екені туралы ақпарат бар.

Тілеукенов ведомство осы мүлік пен жер телімін мемлекетке қайтаруды көздеп отырғанын жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін "Қазақфильмнің" экс-президенті жемқорлыққа күдікті екені хабарланды. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Мұрын неге жиі қанайды?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова