"Жас келін өзінің беташарында палау жемейді" деген ырымды естігенсіз бе?

Әлеуметтік желіде "жаңа түскен келін өзінің беташарынан палау жемейді" деген ырым пікірталасқа түсті. Желі қолданушыларының ырымға қатысты түрлі пікір қалдырып, оның түпкі ойын түсіндірген. Бұл қандай ырым? Оның мәні неде және қазақта мұндай бар ма? Massaget.kz тілшісіне этнограф Болат Бопайұлы жауап берді. 

Желі қолданушыларының сөзіне сүйенсек, жас келінге беташардың палауынан дәм татқызбау себебінің бірнеше нұсқасы бар. Мысалы:

  • Әдетте беташарда Оңтүстік өңірлерде палау пісіріледі. Палау жақсы пісірілсе, оның күріші бірікпей, шашылып жүреді. Егер жас-жұбай осы палаудан ауыз тисе, олар "күріш секілді басы бірікпейтін болады" екен, сондықтан арнайы басқа ас дайындалады.
  • Өз беташарынан ет жеген екі жастың өміріне, денсаулығына зиян келеді деп сенген. Сенім бойынша әсіресе жас келіннің денсаулығына көбірек зиян келуі мүмкін екен, ол жүйке ауруына шалдығады немесе бас ауруына ұшырайды, деп айтатындар да кездеседі.
  • Сонымен қатар, жаңа түскен келін өзінің беташарында піскен палаудан жесе, тек қыз туа береді деген сенім де бар.

Ал этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, қазақта мұндай салт ешқашан болмаған және көрінгенді ырым ету салт пен дәстүрді бұзу.

"Қазақта мұндай ырым ешқашан болған емес. Қазақ асты қастерлеген халық, халал асты алаламайды. Ал палау әсте харам ас емес. Сондықтан жоқтан жонып, ойдан орып, қырдан қырқып көр жерді, көрінгенді ырым ету салт пен дәстүрді бұзу. Қазақ дәстүрі асыл қасиетке ие", - деп жауап берді этнограф. 

Айта кетейік, бұған дейін беташардың ақшасын асаба алғаны қаншалық дұрыс екеніне этнографтың пікірі хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Энергияны тасымалдау желілері қандай мақсаттарда қолданылады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!