Психолог Ержан Мырзабеков "күйеуді тәрбиелеп аламын" дейтін әйелдерге үндеу жасады

Психолог Ержан Мырзабеков "күйеуді тәрбиелеп аламын" дейтін әйелдерге үндеу жасады
Фото: instagram.com/yerzhan.myrzabayev

Отбасылық психолог Ержан Мырзабеков кейінгі кездері қоғамды дүр сілкіндірген зорлық-зомбылық оқиғаларына қатысты үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, елімізде әйелге қарсы зорлы-зомбылықтың масштабтары қорқынышты деңгейде екенін көруге болады.

"Еркектің білім деңгейі, статусы, туып-өскен, тәрбие алған отбасы, атқарып жатқан қызметіне қарамай, ешбір еркектің қасында әйел 100% қауіпсіз емес. Әлі де санада әйелді адам құрлы көрмеу бар. Әйелге қарсы зорлық-зомбылыққа немқұрайлы қарау бар, әйелді қалағанын істеуге болатын меншікті зат ретінде көру бар, болған оқиғаға әйелді кінәлау, айыптау бар. Қарап тұрсақ, бір жақтан күйеулер мен еркектер ұрады, зорлайды, өлтіреді, ал екінші жақта осымен күресу керек еркектер (полиция қызметкерлері) арыз қабылдамайды, өзін айыптайды, жылы жауып қоюға тырысады немесе сол қылмысты ары қарай жалғастырады. Бұның барлығы қайдан келе жатыр? Тәрбиеден! Күнделікті өмірдегі отбасылық қарым-қатынастан", - деді ол.

Оның айтуынша, әкенің анасын төменсіткенін, оны балағаттағанын, оған қол көтергенін көріп өскен бала өскенде соның барлығын қайталуы әбден мүмкін. Қайталамаса да, қолдайды, қолдамаса да, тоқтатпайды, тоқтатпаса да, үнсіз қалады. Ал үнсіздік зұлымдыққа ортақтасуды білдіреді.

"Әйелге қарсы зорлық-зомбылықтың ешбір түріне үнсіз қалмауымыз керек, достар! Үйде, жұмыста, көшеде, далада... қайда болсын. Көрген бойда, ескертіңіз, полицияға шағымданыңыз, көмек көрсетіңіз. Бүгін қаза болған құрбандары жақындары ешқашан бастарына осындай жағдай келетінін ойламаған, бірақ көріп тұрмыз. Демек біздің де жақындарымыздың басына осындай жағдай әбден келуі мүмкін", - деді ол.

Психолог сонымен бірге әйелдерге агрессормен, абьюзермен бала үшін, отбасы үшін, ата-ана үшін, "ұят болмасын" деп тұрмауға үндеді.

Құрметті қыз-келіншектер, ешқашан зорлық-зомбылыққа көнбеңіз. Агрессормен, абьюзермен бала үшін, отбасы үшін, өз ата-анаңыз үшін, ұят болмасын деп тұрмаңыз. Ешқайсысы, ешқайсысы сіздің өміріңізден, денсаулығыңыздан, психикаңыздан, жалпы бақытты болуыңыздан артық емес. Бірінші белгілері пайда болған сәтте қарсылық білдіріңіз. Түсінбесе, кетіңіз. Өз-өзімен жұмыс істеп, санасын өзгертпегенше, қайта қосылмаңыз. Оған шыдау, оны тәрбиелеу сіздің міндетіңіз емес. Әрдайым зорлық-зомбылықты жасаған адам кінәлі. Ол ешқалай ақтала алмайды.  Қайта әйел мен балаға қарсы жасалған қылмыстың жазасы әлдеқайда ауыр болуы керек деп ойлаймын. Өйткені өзінен физикалық тұрғыдан әлсізге қарсы жасалып жатқан қылмыс бұл. Достар! Еркек әйелге қол көтермейді, қол көтерген еркек бола алмайды. Осыны ұмытпайық!", - деді Ержан Мырзабеков.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ержан Мырзабаев (@yerzhan.myrzabayev)

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан