Оңтүстік Корея азаматы ұшақ дәретханасында темекі шеккені үшін айыппұл арқалады

Оңтүстік Корея азаматына ұшақ бортында темекі шеккені үшін 50 айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сеул – Алматы бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Air Astana әуекомпаниясы өкілінің актісі бойынша құқық бұзушыны ұстады. Тексеру барысында полицейлер әуе кемесінің дәретханасында темекі шеккен 24 жастағы Оңтүстік Корея азаматын анықтады.

Шетелдік азаматқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабының 1-2-бөлігі, яғни әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 50 АЕК (172 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Еске салайық, ұшақ бортында темекі шегуге тыйым салынады және бұл 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!