Ақтөбедегі изолятордан екі адам қашып кеткен: оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды

Екі ақтөбелік уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткені үшін қосымша жаза арқалайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

12 қарашада Ақтөбедегі уақытша ұстау изоляторынан екі тұтқын қашып кеткені белгілі болды. Олардың мұны қалай істегенін полиция департаменті әлі нақтылап айтқан жоқ. Департаменттің баспасөз қызметі екі адамның қашып кеткенін растады, олар сол күні ұсталды.

"Қашып кеткендерге қатысты Қылмыстық кодекстің 426-бабы 2-бөлігі "Бас бостандығынан айыру орындарынан, қамауға алудан немесе күзетпен ұстаудан қашу" бойынша сотқа дейінгі қосымша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Сарқұловтың айтуынша, қазір уақытша ұстау изоляторының қызметкерлеріне қатысты ішкі аудит жүргізіліп жатыр. Полиция қамауға алынғандардың уақытша ұстау изоляторынан қашып кетуіне қатысты басқа мәліметтерді айтпады.

Уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен тұтқынның бірі бұрын "Ірі мөлшердегі ұрлық" бабы бойынша ұсталған. Полиция департаментінің хабарлауынша, ол қаладағы сауда орталықтарының бірінде ірі ұрлық жасаған. Оқиға 1 қарашада болған. Зергерлік бұйымдардың жоғалғанын бөлімнің сатушысы анықтаған. Келтірілген шығын шамамен 25 миллион теңге болған. 

Уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен екінші тұрғын бұған дейін "Бұзақылық" бабы бойынша ұсталған. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз