БҚО-да Алма Оразбаева атындағы жаңа мектеп ашылды

БҚО-да Алма Оразбаева атындағы жаңа мектеп ашылды

Жақында Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының орталығында А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебі салтанаттытүрде ашылды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов ауыл тұрғындарын жаңа білім ошағының ашылумен құттықтады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың үш ауысымды және апатты мектептердің  тапшылығын  шешу туралы тапсырмасына орай, бүгін ауылымызда заман талабына сай салынған жаңа мектеп өз шәкірттерін қабылдауға дайын. Ортақ шаруаға жанашырлық танытқан барша азаматтарға елдің атынан алғыс айтамын, - дей келе аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мектеп ұжымына өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің атынан LED экранды тарту етті.

Аталмыш білім ошағының бұрынғы ғимараты 2017 жылы апатты жағдайда деп танылған. Содан кейін жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданып, құрылыс 2020 жылы басталды. Мердігер мекеме - "Жиенбай" ЖШС құны 2 млрд 754,3 млн теңге тұратын нысан құрылысын күні кеше толық аяқтап бітірді. ЖШС директоры Александр Қарағойшин білім ошағының "кілтін" мектеп директорының міндетін атқарушы Інжумаржан Әділгерейқызына тапсырды.

1959 жылы мектепке А.Оразбаеваның есімі берілген. Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның туғанына 125 жыл, ал Батыс өңіріндегі іргесі XIX ғасырда қаланған бірегей білім ордасының бірі - Алма Оразбаева атындағы мектепке 155 жыл толып отыр.

Жаңа мектеп ғимаратында 32 оқу кабинеті бар, 11 интерактивті тақтамен, 10 интерактивті панельмен жабдықталған. Сонымен қатар, мектепте 1 шеберхана, 1 информатика кабинеті, 1 робототехника кабинеті, спортзал, 2 кітапхана және 50 орындық оқу залы, 130 орындық акт залы, 270 орындық асхана, артстудия, "Алма" студия, фотостудия, психологиялық тренинг кабинеті орналасқан.

Жаңа мектепте 2023-2024 оқу жылында екі ауысымда 549  оқушы білім алуда. Оларға 87 педагог білім мен тәрбие беруде. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.Биылғы оқу жылында 1сыныпқа 51 оқушы қабылданып, мектепалды сыныпта 39 бала тәрбиеленуде.

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұсынған материал

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина