"Зауыт тоқтады деп үйлерді қаңырату дұрыс емес". ШҚО-да тұрғындар саны күрт кеміген кентте қандай мүмкіндіктер жасалған?

"Зауыт тоқтады деп үйлерді қаңырату дұрыс емес". ШҚО-да тұрғындар саны күрт кеміген кентте қандай мүмкіндіктер жасалған?
Фото: Желіден

Шемонаиха ауданына қарасты Первомайский кентінде әкімдік қаңырап тұрған үйлерді бұзу қарастырылмайтынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Первомайский кентінің аумағында қараусыз қалған көпқабатты 6 үй бар. Бұл үйлерді иелері өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап түрлі кезеңдерде қалдырып, көшіп кеткен. Қала құраушы "ИХМЗ" кәсіпорны қызметінің тоқтатылуы осының негізгі себебі болып саналады.

"Әрбір қараусыз қалған пәтердің меншік иелері бар. Олар "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңына сәйкес өз мүлкін (кондоминиум объектісін) сақтауды, жөндеуді және күтіп ұстауды қамтамасыз етуге міндетті. Көпқабатты үйлер апатты деп танылмайды, бұзу мәселесі қаралмайды. "Первомайский кенті әкімінің аппараты" ММ тарапынан мүлікті тиісінше пайдалану үшін пәтер иелерін іздеу бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Іздегенге жұмыс табылар. Зауыт тоқтады деп үйлерді қаңыратып тастап кету дұрыс емес деп ойлаймыз", – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Миргүл Аяғанова.

Анықталғандай, округ аумағында мал немесе өсімдік шаруашылығымен айналысуға жер жеткілікті. Жеке кәсібін ашамын деушілерге жағдай жасалған, елдімекен логистика жағынан өте ыңғайлы орналасқан. Миргүл Аяғанованың сөзінше, әлеуметтік салада қызмет атқарамын деген жандарға жұмыс табылады. Мектеп-балабақша, Мәдениет үйі, кітапхана, аурухана, Қарттар үйіне әрқашан мамандар тапшы көрінеді. 

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы