"Рекордтық касса жинаған жоба болса да, бізге сыйақы бермеді". Актриса Дариға Бадықова гонорарын айтты

Танымал актриса Дариға Бадықова кинодағы рөлі үшін қанша гонарар алатынын жеткізді. Бұл туралы өнер иесі Асхат Садырбайға берген сұхбатында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Актриса өзінің бағын ашқан "Келінжан" сериалы екенін жеткізді. 

"Продюсерлердің ішіндегі ең мәрт адам – Гүлнұр Мамасарипова. Ешқашан еңбегімізді жеген емес. Керісінше артығымен беріп жібереді. "Келінжан" жобасы мен үшін өте берекелі жұмыс болды. Ауылға барып түсірілім алаңында тоғыз күндей болдым. Сол кезде 6 миллион гонарар алдым. Актерлардың арасында бір аптаға мынадай сумма деп бекітілген баға бар. Бірақ мен алты миллионды тоғыз күнге алдым. "Келінжан" толықметражды фильмі де жақсы гонарар берді", – дейді ол.

Асхат Садырбай "Жанар Айжановадан көп алады екенсіз. Оның бір күні – 1 миллион теңге екен", – деп әзілдеді. 

"Жанар апамыз өнердегі – аға буын өкілі. Ол кісінің табысы біздікінен де жоғары болуы керек. Жолы да үлкен, өнері де биік. Жанар апамен үзеңгілес актрисалар көп гонарар алып жатса, біз секілділерге стимул болатын еді. Апамыздың өнеріне тәнтімін. Қазақ өнерін асқақтатып жүрген жанның бірі", – деді актриса. 

Сондай-ақ, актриса табысты кинолардан да гонарардан бөлек сыйақы алатынын жеткізді.

"Кино жарыққа шыққаннан кейін, жақсы табыс түссе бізге де үлесін беретіндер бар. Мысалы, Қайрат Әділгерейдің "Хотя бы в кино" фильмі 1 миллиардтан астам қаражат жинады. Гонарардан бөлек сатылымнан түскен ақшадан сыйақы алғанымыз бар. Бірақ Нұрлан Қоянбаевтың "Қазақша бизнесінің" ешқайсысынан сыйақы алмадық. Ол нөмер бірінші рекордтық касса жинаған жоба болса да, бізге сыйақы бермеді. Оған реніш те жоқ", – дейді Дариға Бадықова.

Айта кетейік, бұған дейін актриса әкесінің жоқтығы қатты білінетінін, оның қалай өмірден өткен сәтін еске алып, көзіне жас алған еді. Ол туралы толығырақ сілтемеге өтіп оқи аласыз. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!