"Кабинетінен шәует ізі табылды" - Талдықорған полициясы бастығынан зорлық көрген қыздың адвокаты

Талдықорған полиция басқармасы бастығының кабинетінде зорланған қыздың адвокаты Нұрлан Молбаев оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.

Молбаевтың айтуынша, 12 қарашада учаскелік инспектор қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен ішкі істер бөліміне 27 жастағы қала тұрғынын жеткізген. Тергеуші кабинетінде сұрақтарға жауап беріп жатқан қызды бөлім бастығының кабинетіне әкелу туралы бұйрық түскен.

"Менің қорғауымдағы жәбірленуші бастықтың кабинетіне кірген кезде болған оқиғаны айтып, ақтала бастаған. Оны мұқият тыңдаған полиция бастығы "көмектесемін" деп уәде берген. "Сендей сұлу қызға хаттама толтырмаймын" деп, оны жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеп тиісе бастаған. Қазіргі уақытта жәбірленуші тиісті сараптамадан өтіп, оқиға орнынан айғақ заттар алынды. Талдықорған полиция басқармасы бастығының кабинетінен қыз балаға тиесілі гигиеналық заттар мен ер адамның шәует іздері табылды", - деді жәбірленушінің адвокаты Нұрлан Молбаев.

Қазір күдікті Ескелді ауданындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

Күдікті Марат Күштібаев Талдықорған полиция басқармасын 2022 жылдан бері басқарып келеді. Ол ұзақ жылдар Талғар ауданы, Іле аудандық және облыстық әкімшілік полиция қызметінде қызмет атқарып, 2019 жылы Алматы облысының жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды. Алайда бұл жұмыс барысында Күштібаев дауға қалды. Оның қарамағындағыларға қалай дөрекілік танытып, әдепсіз сөздер айтқаны жазылған аудиожазба тарап кетті. Алайда осы оқиғадан кейін қызметінен шеттетілген Марат Күштібаев былтыр Жетісу облысының орталығына бас полиция қызметкері болып оралды.

Еске салайық, бұған дейін Талдықорған полиция басқармасының басшысы әйел зорлады деген күдікке ілінгенін хабарлаған едік.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!