"Жуынған жоқпын, шал 20 күннен бері тамақ жеген жоқ". Қараусыз қалған ата мен әже жұрттан көмек сұрады

"Жуынған жоқпын, шал 20 күннен бері тамақ жеген жоқ". Қараусыз қалған ата мен әже жұрттан көмек сұрады
Фото: Видео кадры

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылында қарт ерлі-зайыпты өздеріне қарайтын адам жоғын айтып, көмек сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Дау-дамайсыз" бағдарламасында айтылды. 

"Мен қарттар үйіне барайыншы, маған қарайтын адам жоқ. Әркім өз-өзімен. Сенесің бе, үсті-басым сасып отыр. Басымды жумағалы бір ай болды", - деді Сәуле апай. 

Сәуле апай арбаға таңылса да, Тазабек аға дүкенге барып, тіршілігін жасап жүрген. Көршілердің айтуынша, атаның көрінбей кеткеніне екі аптадан асқан.

"Бәріміз де әке көріп өскен адамбыз ғой. Жанымыз ашыды. Хабар алып тұрған адамдар бар ма деп едік. Ұлым жұмыста, қызым бар, арасында келіп-кетеді деді. Мені қарттар үйіне өткізіңдерші деді. Мен бір аптадан бері жуынған жоқпын, шал 20 күннен бері тамақ жеген жоқ деді. Жаман халде жатыр. Күнде терезеден "көмектесіңдер, ақша беремін" деп айқайлайды", - дейді олардың көршілері. 

Тазабек ата мен Сәуле апа бұдан бұрын да талай рет көмек шақырған. 

Шу шыққаннан кейін қарт ерлі-зайыптының үйіне баласы да, Тазабек атаның қарындасы да жеткен.

"Қарап жатыр, вахтада келді, қызы күнде келіп қарайды, біз де келіп тұрдық", - дейді Тазабек атаның қарындасы Сара. 

Сәуле апайдың айтуынша, жедел жәрдем талай рет келген. Алайда ауруханаға жатқызылмаған. 

Сәуле Байсамбекова алқапта жұмыс істеген, ал Тазабек ағай тракторшы болып қызмет еткен. Олардың екі баласы бар. Ұлы ажырасқан, ал қызы үйінен алыстау жерде тұрады. 

"Жібек жолы" ауылдық округі әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаевтың айтуынша, тексеріс жүйелі түрде жүргізілген, қазір оларға азық-түлік себеттерін тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аурухана қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлер де айдың басында тексеріп кеткендерін айтты. 

Сәуле апай мен Тазабек ағай ауруханаға жатқылызды. Ал олардың ұлы мен қызы енді ата-анамыз қараусыз қалмайды, оларды қарттар үйіне өткізбейміз деді. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек