Президенттік жастар кадр резервінің тапсырмаларында қате барын айтқан азамат: "сұрақтар - тура аударма"

Президенттік жастар кадр резервінің тапсырмаларында қате барын айтқан азамат: "сұрақтар - тура аударма"
Фото: Тұрар Қазанғапов

Редакциямызға биыл Президенттік жастар кадр резервіне тапсырып, келесі кезеңге өте алмаған азамат жүгінді. Оның сөзінше, "Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау" бөлімінде сұрақтар тікелей аударылған. Сондықтан сұрақ мазмұны түсініксіз болып, жауаптар да күмән тудырған. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге орай жауапты ведомствоға ресми сауал жолдады.

Редакцияға жүгінген Данияр Байжақсынов биыл 7 қазанда қазақ тілінде "Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау" тестін тапсырған. Шағымданушының айтуынша, тілді таңдау еркіндігі берілген. Көпшілік оған орыс тілінде тапсыруға кеңес те беріпті. 

"Қазақша оқығаннан кейін неге орысша таңдаймын деп қазақша таңдағанмын. Бірақ жартысынан көбі түсініксіз. Тура аударма екені көрініп тұр. Жалпы 25 сұрақ берілді. 20 балл жинаса, келесі кезеңге өтуге мүмкіндік бар. Берілген сұрақтарға көп ойландым, өйткені берілуін түсінбедім, соған біраз уақыт жұмсадым. Әйтпесе сұрақтары түсінікті болса, өтер едім", - дейді ол.

Оның негізгі талабы қазақ тіліндегі сұрақтар дұрыс құрылмауына қатысты болып отыр. Сондықтан ол "сұрақтар неге дұрыс қарастырылмайды, неге дұрыс аударылмайды, неге тексерілмейді?" деген мәселелерді көтеріп отыр. 

"Ресейдің SHL компаниясы неге жыл сайын құрастырады? Өзіміздің қазақтар құрастыра алмай ма? Бұл - ресейлік компания. Өзім осы салада жүрмін. Қосымшалар құрастыратын, тесттер жасайтын компанияда жұмыс істегенмін. Сондықтан қалай құрастырылатынын білемін", - дейді ол.

Даниярдың сөзінше, орыс тілінде қайта тапсыруға да мүмкіндік сұраған. Алайда нақты жауап болмаған, мәселенің мән-жайын ашпай, тек "ешқандай мәселе жоқ, бәрі дұрыс" деген жауап беріліпті.

"Қай маманыңыз дұрыс деп тұр, сөйлесейінші, сол кезде дәлелдеп берейін" дедім. "Олай мүмкін емес" деді. Шынына келсек, ешкім тексермеген де секілді. Сұрақтарды ешкім ашпаған да сияқты. Пропорция, пайызға құралған есептер. Мәселен, бір сұрақта екі жауап келеді. Шамамен деп тұр. Екі жауаптың қайсын таңдарымды білмедім. Түсініксіз. Соны ешкім ашпай тұр. Себебі дұрыс емес екенін олар да біліп тұр. e.otinish арқылы шағым жолдадым, олар "барлығы дұрыс" деп жауап берді", - дейді шағымданушы.

Қазақ тілі мамандарына да жүгінген Данияр Байжақсынов сұрақтар дұрыс емес екеніне сенімді.

"Арызданбай тұрып өзім де қазақ тілі мамандарымен сөйлестім. Осы сұрақтарды қойдым. Олар "иә, дұрыс емес, былай да, былай да қарауға болады" дейді. Сонда берілгені дұрыс емес болып отыр. Қазір есімде қалған төрт сұраққа күмәнім болып тұр. Бірінші есепте берілгені дұрыс емес, екіншісінде кестеден шатысқан. Мен тапсырған жалғыз адам емеспін, мен сияқты тапсырғандар көп. Көбі қазақша тапсырып, олар да аударма салдарынан өтпеген. Біз статистикадан келесі кезеңге қазақ тілі бойынша 30-ақ адам өткенін көріп тұрмыз. Ол 100 пайыз деп алсақ бес пайызы ғана ғой. Соның өзі проблеманы көрсетіп тұр. 2 жылда бір-ақ рет тапсыруға мүмкіндік бар. Жалпы жас шектеуіне байланысты 3 немесе 4 рет қана тапсыра аласың", - дейді ол.

Кейін осы мәселеге байланысты Данияр мемлекеттік органға хат жазған. Оның сөзінше, толық жауаптың орнына жалпылама жауаптар келген.

Шағымның скриншоты

"Неге тест сұрақтарын біздің мамандар даярламайды? Неге дайынын сатып алған, сатып алса, қанша ақшаға алған? Тестті дайындау керек компания - SHL, оларға осы жұмыс үшін бәленбай миллион ақша төленеді, ал істеп отырғандары - мынау", - деп ашынып отыр шағымданушы.

Ал жауапты ведомствоның берген жауабында қайта тексеріс жасау барысында қателер анықталмағаны хабарланыпты. Бұл жауапқа қанағаттанбаған шағымданушы тағы да арызын жолдаған.

"Мемлекеттік органның берген жауабымен толықтай келіспеймін, себебі қойылған тікелей сұрақтарға бірде-бір нақты жауап берілмеді", - дейді Данияр.

Оның бұл жолғы шағымына да тиісті мамандар мәселені тексергені туралы жауап келген.

Осы мәселеге орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне ресми сауал жолдадық. Агенттік нақты қанша адам келесі кезеңге қазақ тілінде өткені, қанша адам орыс тілінде өткені туралы сұраққа жауап бермеді. Оның үстіне бұл дерек жария етілмейтін жағдайда жауапта жариялауға болмайтыны туралы да ақпарат қамтылмаған.

"Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудегі негізгі талаптардың бірі - қазақ тілін В1 деңгейінен төмен меңгермеу. Осылайша, іріктеу кезеңдеріне қазақ тілін меңгерген кандидаттар жіберілді. Сонымен қатар, іріктеу тәртібіне сәйкес кандидаттар үшін әр кезеңді өту алдында өз қалауы бойынша мемлекеттік не ресми тілді таңдау мүмкіндігі қарастырылған", - делінген жауапта.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тест тапсырмаларын, расында да, халықаралық SHL компаниясы құрастыратынын растады.

"Резервтің сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау кезеңіне арналған тапсырмаларды HR саласындағы SHL халықаралық компаниясы әзірлеген. Бұл компанияның бас кеңсесі Ұлыбританияда (Лондон) орналасқан. Ол ұйымдарға лауазымдар мен бос орындар үшін адамдарды іріктеудегі, оларды бағалаудағы және дамытудағы тәжірибе жүзінде дәлелденген әрі ғылыми негізделген құралдарды ұсынады. Бұл компания - әлемнің 110-нан аса елінде және экономиканың 40 саласында 10000-нан аса ұйымға қызмет көрсететін таланттар нарығындағы көшбасшы. Компанияның жаһандық офистері Америка Құрама Штаттары, Франция, Германия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Италия, Аустралия, Қытай, Үндістан, Жапония, Түркия және т.б. мемлекеттерде орналасқан және өз қызметтерін көрсетіп жатыр. Қазақстанда бұл компанияның ресми өкілдігі 2008 жылы ашылып, қызмет атқарып жатыр", - делінген жауапта.

Президенттік жастар кадр резервіне тапсырып, "Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау" бөлімінен сұрақтар тура аударма болуына байланысты өте алмаған азаматтың арызына, сұрақтар қаншалық тексерілетініне, орыс тілінен аударылатынына қатысты сұраққа агенттік "барлығын филологтар тексереді" деген жауап берді.

"Тапсырмалар мемлекеттік және ресми тілдерде әзірленді. Мәтіндердің мазмұны, оның ішінде лексикалық және синтаксистік нормаларының дұрыс қолданысы тіл мамандарының тексерісінен өткен. Сарапшы мамандардың қатарында филология ғылымының ғалымдары, халықаралық сертификаттар алған ассессорлар бар. Тапсырмалардың дұрыстығын оны әзірлеген компаниямен қатар агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясы тарапынан жауапты мамандар егжей-тегжейлі тексеріп, тиісті қабылдау жұмыстары жүргізілді", - делінген жауапта.

Сонымен қатар, агенттік мәліметінше, екі жылда бір рет өткізілетін резервке іріктеу үшін тапсырыс бойынша жаңа сұрақтар әзірленеді екен.

"Салыстыру тәсілі арқылы олардың қайта қолданылмауы және өзектілігі тексеріледі. Өз кезегінде тестілеу барысында кандидаттарға тапсырмалар сұрақтардың ауқымды базасынан кездейсоқ тәртіппен түседі", - делінген жауапта.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі іріктеу тәртібіне сәйкес кандидаттарға резерв кезеңдерінен қайта өту мүмкіндігі қарастырылмағанын хабарлады. Бұл орайда агенттік өкілдері іріктеу нәтижелері қолжетімді екенін де айтып отыр.

"Іріктеуде әр кезеңнен кейін келесі кезеңге өткен кандидаттардың тізімі pkrezerv.gov.kz онлайн платформасында және үміткерлердің жеке кабинеттерінде орналастырылды. Сондай-ақ, үміткерлердің тізімдері және жинаған балдары, олардың сандық және сапалық құрамы көрсетілген іріктеудің алдыңғы үш кезеңі бойынша қорытынды ақпарат агенттіктің ресми интернет-ресурсында қолжетімді", - делінген жауапта.

Еске салайық, бұған дейін "Болашақ" бағдарламасының түлегі Саян Абдихайранов қазіргі таңда елге қайта алмай отырғанын айтып, хат жолдаған еді. Ол бағдарламаның ел білмейтін жайттарын айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова