Ақтөбе облысында мүгедек жан тігін кәсібін қалай бастағанын айтты

Ақтөбе облысында мүгедек жан тігін кәсібін қалай бастағанын айтты
Фото: Видео кадры

Ақтөбе облысы Қандыағаш тұрғыны Жанша Ерекешева шағын тігін цехын ашып, мүгедек жандарды жұмыспен қамтып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Мұғалжар ауданы Жаңатұрмыс ауылында туып өскен Жанша Ерекешева бала күннен қайсар болдым дейді. Аттан құлап, жамбасына зақым келген кезде дәл осы қасиеті тағдырдың тауқыметіне мойымауға сеп болған. Сол сәттен бастап, үйде көрпе-төсек тігіп, нәпақа табуға кіріседі. Нағашы әжесінен көрген өнерді еске түсіріп, анасының ескі іс машинасын қолға алған.

"Бұл деген шешеден, әкеден қалған мұра ғой. Оны мен ескерткіш ретінде сақтап қоямын. Бірақ қолданысқа болады. Егер электр қуаты сөніп қалса, бұл - аяқпен тігуге келетін машина", - дейді кәсіпкер Жанша Ерекешева. 

Қазір кәсіпкердің шағын цехынде 6 тігін машинасы бар. Мұнда қыз жасауынан бөлек киім-кешек пен мүгедектерге арналған көрпешелер сияқты түрлі бұйымдарды тігіледі. Бұйымға сұраныс жоғары. Сондықтан ол еңбек биржасына өтініш білдіргендерді жұмысқа алады. 

"Қосымша тағы да үйрену үшін осы мүмкіндігі шектеулі орталығына келдім. Осы қыркүйектен бастап үйреніп жатқаным - ою-өрнектерін қию, көрпелердің пішіндерін білу. Махаббат көрпесін, шымылдық, соның барлығын, қоржындарды тігіп білемін", - деді тігінші Несібелі Қожықова. 

Кәсіпкер кейінгі жылдары шәкірт тәрбиелеуді де қолға алған. Іс тігумен қатар кәсіпкерлікті де үйретеді. Аудандық "Ерікті мүгедектер қоғамының" жанындағы шағын цехте тек мүмкіндігі шектеулі жандар ғана тәлім ала алады.

"Аяқ астынан жарымжан болғанды көтеру өте қиын. Адам өмірге қайта келеді. Ауырады. Сынаққа сынбай көтерілгеннен кейін өзім сияқты көптеген мүгедекке тігін үйретейін, осыларға кәсіп болсын, қосымша табыс болсын деп сол жобада бастағанмын", - дейді кәсіпкер Жанша Ерекешева.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек