Алматыдағы аудандардың бірінде шыққан қатты дыбыс жұртты шошытты

Алматыдағы аудандардың бірінде шыққан қатты дыбыс жұртты шошытты
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Бүгін таңертең Алматының Бостандық ауданы тұрғындары қатты дыбысты естіді. Мұның себебін оңтүстік астананың Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, бүгін сағат 09:40-та Бостандық ауданындағы "Южная" қазандығында құрал-жабдықтардың тоқтап қалуы және қысқа мерзімді электр қуатының үзілуі тіркелген.

"№3 су жылыту қазандығында автоматика жұмысында ақау шығып, қалдық газ-ауа қоспасының тұтануы анықталды. Осы себепті жақын маңдағы үйлердің тұрғындары тарс еткен дыбысты естіді", - деп хабарлады басқарма.

10 минуттан кейін сорғы қондырғылары іске қосылды. Жылу желілерінің гидравликалық жұмыс режимі қалпына келтірілді.

"Қазандық қалыпты жұмыс істеп тұр. Зардап шеккендер жоқ", - деп қосты басқарма.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Д. Шәріпхан