"Баламдай бол". Ұлын үйлендірген әнші келініне арнау арнады

Танымал әнші Роза Әлқожа ұлын үйлендіріп, келін түсіріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі жаңа түскен келініне арнау арнады.

"Осы той болады деген күннен бастап уайым, қорқыныш, қуаныш бәрі араласып, күн сайын өлең төгіле берді. Концертке дайындық, жаңа әндерді жаздыру, киіт алу, алтын қарау деген жұмыстармен бірге түскен жолдарды жазып та үлгердім. Тәңірдің таңдайға берген тартуы деп құрбыларыма айтып беріп ем, жақсы ән деп айтуымды құптады. Келінге арнау

Түндерде тілегенім,
Таңдарда сұрағаным.
Баламның жүрегі едің,
Жан ботам, жыламағын.

Ел-жұртыңа жақ, келін,
Ұл менен қыз тап, келін.
Бауырыма басайын,
Баламдай бол, ақ келін!

Ұлымның сыңарысың,
Үйімнің шырағысың.
Қош келдің өз үйіңе
Көп күткен, қуанышым!

Жүзің неткен жайдарлы, жарқын еді,
Құт келді деп күтуде, халқың, елің.
Босағаңа берік бол бар айтарым,
Керегеңе келін бол, бар тілегім", - дейді әнші.

Желі қолданушылары өнер иесінің қуанышына ортақтасып, баласына бақыт тілеген.

"Сіздің үйіңізге құтты келін болып кірсін, ұрпақтарыңызбен мың жасаңыздар", "Келінді ән мен жырмен қарсы алған қандай тамаша!", "Бәрекелді! Келініміз құтты болсын!", "Ақ келін оң аяғымен құт болып келсін, Роза қызым. Бейбарыс өсіп-өнсін. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын. Береке, ырыс-несібесімен келсін", "Ене мен келін мектебін тарихта қалыптастырар отбасы болыңыздар! Адал келін болсын!" - деп жазды олар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!