Елімізде әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді

Елімізде әр алтыншы отбасы бедеуліктен зардап шегеді
Фото: pexels.com

Қазақстанда әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеуліктен зардап шегеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ktk.kz-ке сілтеме жасап.

Оған экологияның нашарлығы, әйел мен еркек денсаулығының төмендігі себеп. Сондықтан да қазір экстракорпоралды ұрықтану (ЭКО) әдісіне сүйенетіндердің саны артып барады. 2021 жылы ҚР Президентінің тапсырмасымен елімізде үш жылға арналған "Аңсаған сәби" бағдарламасы қабылданып, мемлекеттік квотаның саны жетіс есеге ұлғайтылған болатын.

Бұл туралы халықаралық конгресте Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин мәлімдеп, үш жылдық бағдарламаның нәтижесін бөлісті.

"2021-2023 жылдар аралығында 21 000 отбасына экстракорпоралды ұрықтану әдісі қолданылып, 10 000 аса бала дүниеге келді. Бұл - үлкен көрсеткіш. Енді "Аңсаған сәби" бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылатын болды. Біз жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 7000 жасанды ұрықтануды жасауды әрі қарай жалғастырамыз. Яғни, алдағы жеті жылда 49 000 бедеулікке шалдыққан отбасы аталған бағдарламаға қатысып, ата-ана атануына мүмкіндік бар", - деді ол.

Биылғы конгресс Қазақстан репродуктологиялық медицина қауымдастығының құрылғанына 15 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Жиында кейінгі он бес жылда елімізде репродуктив медицина деңгейінің даму қарқыны, әлемдік жаңа технологияларды елімізге әкелу сияқты мәселелер талқыланды. Осыдан он жыл бұрын қолданылған әдістер бүгінде түрленіп, жаңа технологиялар енгізілді. Ауыз толтырып айтарлық жетістік - жасанды интеллект. Яғни эмбриоскоп таймлапс режимінде сау эмбрионды таңдап, оның даму жағдайын бақылап отырады. Әр 5-10 минут сайын эмбрионды суретке түсіріп, дәрігерге оның әр өзгерісі туралы ақпарат беріп тұрады.  

Генетик Отарбаев Марат Қалдыбайұлының айтуынша, мұндай жасанды интеллект эмбриолог, генетик мамандарға үлкен көмегін тигізіп отыр.

"Жасанды интеллект эмбрионды жатыр қуысына енгізбес бұрын, бес күн ғана толған эмбрионға диагностика жасап, тұқым қуалайтын аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Осындай жаңа технологияларды енгізу, басқа елдің тәжірбиесіне үңілу, оларды біздің елге енгізуде бүгінгідей халықаралық конгресстің пайдасы зор", - дейді генетик Отарбаев.

Әлемдік репродуктивті медицина жатыр трансплантациясы, эмбрионды, баланы жасанды жатырда өсіру сияқты әдістерді енгізіп жатыр. Мәселен, Швецияда жатыр трансплантациясы жасалған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек