Қазақконцерт Сыр елінде

Қазақконцерт Сыр елінде

Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымы Алматы филиалының әртістері КСРО мен Қазақстанның Халық әртісі, "Халық қаһарманы", көмейіне бұлбұл ұя салған жез таңдай әншіміз Роза Тәжібайқызының туған жері Сыр елі жұртшылығына әннен шашу шашпақ.

Қазақконцерттің ұлттық құндылықтарды айырықша құрметтейтін жыр еліне сапары Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толуымен тұспа-тұс келіп, әртістер Сыр елінің халқын мерейтоймен арнайы құттықтамақшы.

Қазақконцерт ұжымы Қызылорда облысының әкімдігімен бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Өнер ордасының әртістері 2022 жылы Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы, Арал қалаларында және аудандарда өнер көрсеткен.

Биылғы шаралар 13-14 қараша күні Қызылорда және Байқоңыр қалаларында өтетін "Қазақконцерт Сыр елінде!" атты мерекелік концертпен басталады. Гастрольдік іс-шараның мақсаты - өңір тұрғындары үшін мәдени құндылықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Концерттерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Сыр сұлуы" - Жеңіс Ысқақова бастаған Жанна Орынбасарова, Сүлеймен Ибрагимов, Сая Махамбет, Перизат Омарбекова, Бибігүл Қилымхан, Әлихан Дүйсенбай, Раим Уайс және "Меломен" тобы сынды Қазақконцерттің маңдайалды өнерпаздары қатысады. Кеш жүргізушісі - Марал Анарбек. Мәдениеттің рухани ордасына айналған Қызылорда халқына еліміздің бай шығармашылық мұрасын көрсететін туындылармен қатар, халық және қазақ композиторларының әндері мен өздерінің халық арасында кеңінен таралған бойтұмар әндерін ұсынады.

Облыс тұрғындары 13 қараша күні, сағат 19:00-де Н. Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театрында, 14 қараша күні сағат 19:00-де Байқоңыр қалалық Мәдениет сарайында өтетін қазақтың әуезді әні мен жыры шырқалатын кештің куәсі бола алады. Бұл гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік ұйымының Алматы қаласындағы филиалында еліміздің мәдениет және өнер саласының майталмандары мен белгілі әншілері еңбек етеді. Филиал директоры - белгілі қобызшы, "Құрмет" орденінің иегері, Мagic of Nomads тобының жетекшісі Ғазиза Ғабдрахимова.

Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерт мемлекеттік концерттік ұйымының баспасөз қызметі ұсынған материал

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!